Басты бетке қайту

Voestalpine


Voestalpine компаниясының логотипі
Дереккөз: Voestalpine компаниясының сайты

Voestalpine — болат өнімдерін өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысатын австриялық компаниялар тобы.

Voestalpine тарихы 1938 жылы Линц қаласында нацистік Германияның өнеркәсіптік конгломераты саналатын Reichswerke құрамында ашылған болат қорыту кешенінен басталады. Бұл кешен әскери өнеркәсіпке арналған болатын және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мәжбүрлі еңбекті пайдаланды. Соғыс аяқталғаннан кейін Линцтегі болат зауыттарын одақтастар басып алып, атауын Vereinigte Österreichische Eisen- und Stahlwerke AG (VÖEST) деп өзгертті. Ал соғыс жылдарында линцтік кешенмен біріктірілген Österreichische-Alpine Montangesellschaft (ÖAMG) компаниясы қайтадан жеке кәсіпорынға айналды.

1946 жылы VÖEST компаниясын Австрия үкіметі мемлекет меншігіне алды. Бұл кезеңде өндірістік қуаттарды қалпына келтірумен қатар, кейіннен компанияны әлемдік деңгейге шығаратын инновациялық жұмыстар қолға алынды. 1952 жылы VÖEST әлемде алғаш рет Линц пен Донавицтегі (Австрия) зауыттарында LD-процесі (линц-донавицтік оттекті-конвертерлік болат өндіру процесі) бойынша өнеркәсіптік өндірісті іске қосты. Бұл — құрамында көміртегі көп балқытылған шойынды оттегінің көмегімен болатқа айналдыратын болат балқытудың негізгі әдісі. Линц-донавицтік процесс болатты тезірек, арзанырақ және сапалырақ өндіруге мүмкіндік берді; ол осы күнге дейін әлемдегі болат өндірудің негізгі тәсілі болып қала береді. Бұл жаңалық австриялық металлургия өнеркәсібінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізін қалады.

1960-жылдары мемлекеттік қайта ұйымдастыру жұмыстары VÖEST-ті күшейтіп, оның құрамына өзімен тығыз байланысты бірнеше кәсіпорынды қосты. Ал 1973 жылы екі ұйымның тиімділігін арттыру мақсатында VÖEST пен Österreichisch-Alpine Montangesellschaft (ÖAMG) компанияларын жаңа VÖEST-ALPINE AG-ға біріктіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, жүзден астам компаниядан тұратын топ қалыптасты. Кейіннен VÖEST-ALPINE жаңа кәсіпорындарды сатып алу және өзіне қосу арқылы кеңеюін жалғастырды.

1995 жылы жекешелендіру басталып, компания Вена қор биржасына шықты. Үкімет компаниядағы соңғы акцияларын 2003 жылы сатты. 2001 жылы компания атауын Voestalpine AG деп өзгертті.

Қазіргі уақытта Voestalpine автомобиль және машина жасау өнеркәсібі, сондай-ақ аэроғарыш және энергетика салалары үшін жетекші серіктес болып табылады. Компания сонымен қатар теміржол жүйелері мен арнайы болат профильдері нарығында әлемдік көшбасшы саналады. Voestalpine тобы 5 құрлықта, 50-ден астам елде орналасқан 500 еншілес компания мен өндірістік алаңды қамтиды. Бас кеңсесі Австрияның Линц қаласында орналасқан.

1995 жылы, КСРО ыдырағаннан кейінгі экономикалық дағдарыс пен күрделі қаржылық қиындықтар аясында Қазақстандағы кәсіпорындардың бірі — Қарағанды металлургия комбинаты («Қармет») Voest Alpine Kazahstan (Қазақстан мен Австрия) бірлескен кәсіпорнының басқаруына берілді. Австрия тарапынан бұл бірлескен кәсіпорынға Voestalpine компаниясы кірді. Алайда арада бір ай өткен соң Қазақстан үкіметі өз шешімін өзгертіп, келісімшартты үзді. Бұған компанияның банктік кепілдіктерінің жеткіліксіздігі ресми себеп ретінде алынды. Қазіргі уақытта Voestalpine-нің Қазақстан аумағында жеке өндірістік алаңдары, кеңселері немесе ресми өкілдіктері жоқ. Дегенмен, Voestalpine өнімдері Қазақстан нарығында кездеседі.

 

Дереккөздер:

Voestalpine компаниясының ресми сайты

Companies History

Википедия

Коммерсантъ

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу