Басты бетке қайту

Үлбі металлургия зауыты («ҮМЗ» АҚ)


Үлбі металлургиялық зауытының логотипі
Дереккөз: Үлбі металлургиялық зауытының сайты

Үлбі металлургиялық зауыты («ҮМЗ» АҚ) — Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорын, атом, электронды, аэроғарыш, металлургия өнеркәсібі және басқа да қызмет салаларының қажеттіліктері үшін құрамында уран, бериллий, тантал және ниобий бар өнімдерді өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі.

Үлбі металлургиялық зауытының құрылысы 1947 жылы Өскемен қаласында Кеңес Одағының атом жобасы аясында басталды. Кәсіпорын толықтай және қатаң құпия жағдайында жұмыс істеуі тиіс болды, сондықтан ол «2А» зауыты, кейінірек «№10 пошта жәшігі» деп аталды.

Зауыттың құрылған күні 1949 жылғы 29 қазан болып есептеледі, сол күні дайын өнімнің алғашқы партиясы — торий оксалаты өндірілді. Торий өндірісі екі жылға созылды. 1950-ші жылдары торийдің орнына қазіргі өндіріс түрлері: тантал, уран және бериллий өндірістері келді. 1970-ші жылдары зауыт атом саласына арналған өнімдер шығаруды кеңейтті, оның ішінде атом энергетикасына арналған бөлшектер мен жинақтаушы бұйымдар және асқын өткізгіш материалдар болды.

КСРО ыдырағаннан кейін Үлбі металлургиялық зауытында 600 келіге жуық жоғары байытылған уран табылды, бұл 20 атом бомбасын жасауға жетерлік еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық материалдардың террористер мен ядролық қару жасау әлеуеті бар мемлекеттердің қолына түсуіне жол бермеу үшін, Ресейдің толық хабардар болуымен осы уранды АҚШ-қа сату жобасына бастамашы болды. «Сапфир» деп аталатын құпия жоба аясында 1994 жылғы 21 қарашада уран Үлбі металлургиялық зауытынан АҚШ-қа тасымалданды.

2002 жылы Үлбі металлургиялық зауыты ядролық материалдардың таралуын болдырмау бағдарламасына қатысты. Осы бағдарлама аясында зауытта жоғары байытылған уранды атом электр станцияларында отын ретінде әрі қарай пайдалану мақсатында оны төмен байытылған деңгейге көшіру технологиясы әзірленіп, енгізілді.

2015 жылы Қазақстан мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік — МАГАТЭ) Үлбі металлургиялық зауытының аумағында Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) орналастыру туралы келісімге қол қойды. ТБУБ — МАГАТЭ-нің бақылауындағы төмен байытылған уран қорының қоймасы. Бұл қор тек бейбіт мақсаттарда пайдалануға арналған және отын жеткізудің әдеттегі коммерциялық арналары қолжетімсіз болған төтенше жағдайларда МАГАТЭ мүшелеріне берілуі мүмкін. ТБУБ толық бақылауда жұмыс істейді және МАГАТЭ-нің ресми заңды иелігінде болады.

Төмен байытылған уран банкі 2017 жылы ашылды, салтанатты шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано қатысты.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Төмен байытылған уран банкінің ашылу салтанатында ғимараттың символдық кілтін МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Аманоға тапсырып жатыр
Дереккөз: Үлбі металлургиялық зауытының сайты

1997 жылдан бастап Үлбі металлургиялық зауыты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрамына кіреді. Бүгінгі таңда зауыттың негізгі өндірістік қуаттарына ТМД-дағы атом энергетикасына арналған ядролық отын шығаратын ірі өндірістердің бірі; Еуразия құрлығындағы құрамында бериллийі бар өнімдердің барлық түрін шығаратын жалғыз өндіріс; ТМД-дағы тантал бұйымдарын шығаратын жалғыз өндіріс, сондай-ақ ниобий өнімдерін, балқытқыш қышқылын және басқа да өнімдерді шығаратын өндірістер жатады.

Зауыт құрамына тау-кен байыту кешені және бірқатар еншілес компаниялар, соның ішінде жылу бөлгіш құрастырмалар (ЖБҚ — ТВС) мен олардың компоненттерін шығару үшін 2015 жылы құрылған «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС қазақстандық-қытайлық бірлескен кәсіпорны кіреді. «Үлбі-ЖБҚ» – Орталық Азия аумағындағы атом электр станцияларына арналған отын шығаратын жалғыз өндіріс орны.


Қытайдың Фанчэнган қаласындағы АЭС алаңында «Үлбі-ЖБҚ» қазақстандық-қытайлық бірлескен кәсіпорнында дайындалған ядролық отынды қабылдаудың салтанатты рәсімі өтті
Дереккөз: DKNews.kz

 

Дереккөздер:

Үлбі металлургия зауытының ресми сайты

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ресми сайты

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ресми сайты

Атом энергиясы 2.0

Википедия

The Nuclear Threat Initiative

SK News 

yk-news.kz

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу