Басты бетке қайту

TotalEnergies


TotalEnergies компаниясының логотипі
Дереккөз: Википедия

TotalEnergies — әлемдегі ең ірі мұнай компанияларының қатарына кіретін француз халықаралық интеграцияланған энергетикалық компания. Оның қызметі мұнай мен газды барлау және өндіруден бастап, электр энергиясын өндіруге, тасымалдауға, өңдеуге, мұнай өнімдерінің маркетингіне, сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдерінің халықаралық саудасына дейінгі бүкіл жеткізу тізбегін қамтиды. TotalEnergies химиялық өнімдердің ірі өндірушісі, сонымен қатар энергияның экологиялық таза түрлерін пайдалануды белсенді дамытуда.

Алғашқыда Compagnie Française des Pétroles (CFP) деп аталған бұл компанияның негізі 1924 жылы ұлттық мұнай саясатын дамыту мақсатында Франция үкіметінің бастамасымен қаланған.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция мемлекеті әскери репарация есебінен Германиядан «Түрік мұнай компаниясының» 25% акциясын иеленеді (бұл компания қазіргі Ирак аумағында мұнай өндіру құқығына ие болатын). Франция үкіметі бұл үлесті Compagnie Française des Pétroles компаниясына берді, осылайша ол Таяу Шығыста мұнай барлау және өндірумен айналыса бастады.

1930-жылдары CFP Франциядағы алғашқы мұнай өңдеу зауыттарын ашты, бұл оған француз нарығына өз өнімдерін жеткізуге мүмкіндік берді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін CFP-тің қызмет ету географиясы кеңейді – ол Таяу Шығысқа қоса Африка, Венесуэла және Канадада жұмыс істей бастады, сонымен қатар Францияның өз ішіндегі энергетикалық ресурстарды дамытты.


Total жанармай құю бекеті
Дереккөз: TotalEnergies компаниясының сайты

1954 жылы CFP «Total» деп аталатын жеке бензин брендін шығарды. Ол соншалықты танымал болғаны сонша, 30 жылдан кейін, 1985 жылы компания ребрендинг жүргізіп, «Total CFP» деп атала бастады. 1991 жылы Нью-Йорк биржасына шығу аясында компания атауын «Total» деп өзгертті. «Total» акцияларының 30%-дан астамын бақылаған Франция үкіметі 1991-1996 жылдар аралығында өз үлесін 1%-дан аз деңгейге дейін қысқартты.

XXI ғасырдың тоғысында «Total» бірнеше маңызды активтерді сатып алды. 1999 жылы ол бельгиялық Petrofina компаниясын, ал 2000 жылы француздық Elf Aquitaine мұнай компаниясын сатып алды. Осыдан кейін компания біраз уақыт бойы «TotalFinaElf» деп аталды.

Сонымен қатар, компания энергияның экологиялық таза түрлерін: күн энергиясы мен биоотынды пайдалануды белсенді дамытып келеді; отынды үнемдейтін және биологиялық ыдырайтын өнімдер шығарады. 2010-жылдары «Total» жаңартылатын энергия көздері саласында бірқатар стратегиялық сатып алулар жасады.

2021 жылы «Total» өз атауын TotalEnergies деп өзгертті. Бұл оның жаңа энергия көздеріне бағыт алған ауқымды энергетикалық компанияға айналу жолындағы стратегиялық трансформациясын бекітті.

Қазіргі уақытта TotalEnergies 120-ға жуық елде, соның ішінде 1992 жылдан бастап Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Қазақстанда TotalEnergies алып Қашаған мұнай кен орнын игеруге жауапты North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының негізгі акционерлерінің бірі (16,81%).


Астана қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Total» компаниясының басшысы Патрик Пуяннемен кездесуі, 2015 жыл
Дереккөз: Forbes Kazakhstan

Сонымен қатар, TotalEnergies компаниясы Қазақстандағы Дунга мұнай кен орны жобасына қатысқан (60%) Total E&P Dunga GmbH еншілес компаниясын сатып алды. 2022 жылы TotalEnergies бұл активті жергілікті Oriental Sunrise компаниясына сатты.

Мұнай-газ секторындағы өз рөлін азайтқан TotalEnergies Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы қызметін кеңейтті. Компания елде жалпы қуаты 128 МВт болатын екі күн электр станциясын (Жамбыл және Қызылорда облыстарында) пайдалануда. Сонымен қатар, TotalEnergies қуаты 1 гигаватт болатын «Мирный» жел электр станциясы жобасын әзірлеуде. Бұл жоба 1 миллион адамды электр энергиясымен қамтамасыз етеді және жылына ауаға тарайтын 3,5 миллион тонна CO2 шығарындыларының алдын алуға мүмкіндік береді.


TotalEnergies «Мирный» жобасы үшін жел генераторларын жеткізушілердің бірі ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ мен SANY RE компаниясының Шу қаласындағы бірлескен зауытын таңдады
Дереккөз: «Самұрық-Қазына» компаниясының сайты

 

Дереккөздер:

 TotalEnergies компаниясының ресми сайты

TotalEnergies компаниясының ресми сайты

Britannica энциклопедиясы

Neftianka.ru

РБК

Курсив Медиа

Forbes Kazakhstan

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу