
De La Rue логотипі
Дереккөз: Википедия
De La Rue - банкноттарды, валюталарға арналған қорғаныс элементтерін, полимерлі материалдарды, сондай-ақ құжаттарды қолдан жасаудан қорғау және аутентификациялау технологияларын әзірлеу мен өндіруге маманданған британдық компания. Компания өз өнімдерін мемлекеттерге, орталық банктерге және коммерциялық ұйымдарға сата отырып, әлемнің 100-ден астам елінде қызмет көрсетеді. Компания — банкнот шығаратын әлемдегі жетекші коммерциялық өндіруші.
Компанияның негізін 1813 жылы Гернси аралында Томас Де Ла Рю қалаған. Онда ол өзінің алғашқы коммерциялық баспа кәсіпорнын құрып, «Le Miroir Politique» газетін шығара бастайды.
1821 жылы Томас де ла Рю Лондонға қоныс аударып, полиграфиямен айналыса жүріп, әсем кеңсе тауарларын жасаумен тәжірибе жүргізді. Кейінірек оның «Thomas de la Rue & Co.» компаниясы жаңа типографиялық әдісті ойлап табудың арқасында заманауи ойын карталарын жасап шығарды. Нәтижесінде Томас де ла Рю Король Вильгельм IV-ден ойын карталарын өндіруге арналған корольдік патент алды.

De La Rue ойын картасы
Дереккөз: PMG
1846 жылы компания конверттерді бүктейтін алғашқы машинаны патенттеді, ол сағатына 2700 конверт шығара алатын. Бұл құрылғы компанияның басқа да бірнеше инновацияларымен бірге 1851 жылы Лондонда өткен Дүниежүзілік көрмеде таныстырылды.
Бұдан бөлек, XIX ғасырдағы «Thomas de la Rue & Co.» шығарған өнімдердің арасында маркаларды, құттықтау хаттарын, теміржол билеттері мен қаламдарды атап өтуге болады.
1860 жылы компания Маврикий үкіметі үшін өзінің алғашқы қағаз ақшасын басып шығарды. Банкноттар түрлі-түсті басып шығару әдісі мен микромәтінді қолдану арқылы дайындалды. Бұл дизайн тұрғысынан да, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды белес (кезең) болды.

Маврикий үкіметінің банкноты, бір фунт
Дереккөз: PMG
Компания өз тарихында Қытай, Сингапур, Үндістан, Фиджи, Иран, Беларусь секілді көптеген мемлекеттердің банкноттарын дайындаумен айналысты. Сонымен қатар, 2003 жылдан бері британдық фунт стерлингті басып шығару ісі осы кәсіпорынға сеніп тапсырылған.

Британ валютасы, 10 фунт стерлинг
Дереккөз: PMG
1921 жылы Де Ла Рю отбасы бұл бизнестен шығып, компания ашық акционерлік қоғамға айналды. 1958 жылы атауы «The De La Rue Company Limited» болып өзгерсе, 1991 жылдан бастап «De La Rue plc» деп аталды.
Компания XX ғасырда жұмыс барысына инновацияларды енгізуін жалғастырды. 1957 жылы De La Rue нарыққа алғаш рет банкнот есептегішін шығарды. Кейінірек осы өнім желісін шығару үшін «De La Rue Instruments» компаниясы құрылды. 1965 жылы «De La Rue Giori» еншілес компаниясының негізі қаланды, ол сол уақытта банкнот басып шығаратын жабдықтардың жалғыз жеткізушісі болды. Екі жылдан кейін De La Rue «Barclays Bank»-те әлемдегі алғашқы қабырға арқылы қызмет көрсететін банкоматты әзірлеп, орнатты.
Сонымен қатар, компания банкноттарға, паспорттарға, куәліктерге және басқа да құжаттарға арналған қорғаныс элементтері (голограммалар, жіптер, арнайы баспа белгілері) саласындағы технологияларымен танымал.
Даму барысында De La Rue көптеген бәсекелестерін, соның ішінде «Harrison & Sons», «Bradbury Wilkinson & Co.» және «Waterlow & Sons» компанияларын өзіне қосып алды. 2025 жылдан бастап De La Rue компаниясы «Atlas Holdings»-тің жеке меншігіне өтті.
Қазақстан 1990-жылдардың басында төл теңгемізді шығаратын отандық кәсіпорынды құру үшін серіктес ретінде дәл осы De La Rue компаниясын таңдады. De La Rue-мен банкноттарды толық өндірістік циклмен шығару технологиясы мен жабдықтарын жеткізу туралы келісімшарт жасалды. 1995 жылы Банкнот фабрикасы ашылып, бастапқыда Ұлыбританияда басылған алғашқы алты қазақстандық банкноттың барлығын басып шығару ісі осы фабрикаға ауыстырылды.
Дереккөздер:
De La Rue компаниясының ресми сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу