Басты бетке қайту

Теңізшевройл


«Теңізшевройл» компаниясының логотипі
Дереккөз: «Теңізшевройл» компаниясының ресми сайты

«Теңізшевройл» — Қазақстандағы Теңіз және Королев кен орындарында мұнай өндіру мен игеруді жүзеге асыратын, сондай-ақ мұнай мен ілеспе өнімдерді өткізумен айналысатын компания.

Батыс Қазақстанда, Каспий теңізінің маңында орналасқан Теңіз мұнай кен орнын кеңестік геологтар 1979 жылы ашқан. Оған қазақ тілінен аударғанда «теңіз» деген мағынаны білдіретін атау берілді.

Мұнайға бай кен орнын ашудағы еңбек Кеңес Одағына тиесілі болғанымен, оның орасан зор ресурстарын түпкілікті игеру елдің технологиялық мүмкіндіктерінен тыс болып шықты. Бұған, атап айтқанда, 1985 жылдың жазында кен орнындағы барлау ұңғымаларының бірінде болған апат дәлел бола алады. Апат салдарынан биіктігі 200 метрден асатын үлкен мұнай-газ бұрқағы тұтанып, тәулігіне мыңдаған тонна мұнай мен газды жойып жіберді. Апатты тек бір жылдан кейін ғана жою мүмкін болды, бұл ретте КСРО-ға шетелдік мамандардың көмегіне жүгініп, шетелдік жабдықтарды қолдануға тура келді.


Теңіз мұнай-газ кен орнындағы апат (1985 жыл)
Дереккөз: Каспийский вестник

Осыдан кейін Теңіз кен орнын игеру үшін шетелдік серіктесті тарту қажет екені белгілі болды. Соңында Теңіз кен орнын барлауға қажетті технологиялар мен қаражатты сол кездегі әлемдегі бесінші ірі жекеменшік мұнай компаниясы саналатын америкалық Chevron компаниясы ұсынды. Chevron-мен келіссөздер КСРО ыдырағанға дейін кеңестік басшылық тарапынан жүргізілген болатын, алайда түпкілікті мәміле тәуелсіз Қазақстанмен жасалды.

1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда Теңіз кен орнын игеру бойынша бірлескен қазақстандық-америкалық кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Келісімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен американдық Chevron мұнай корпорациясының басшысы Кеннет Дерр қол қойды. Құрылған бірлескен кәсіпорын «Теңізшевройл» деген атауға ие болды.


«Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қою рәсіміндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен америкалық «Chevron» корпорациясының басшысы Кеннет Дерр
Дереккөз: «Теңізшевройл» компаниясының ресми сайты

Бастапқыда жобаға Chevron және қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мемлекеттік мұнай компаниясы қатысты, алайда 1996–1997 жылдары «Теңізшевройл» консорциумының құрамына америкалық ExxonMobil («ҚазМұнайГаздан» 25% үлесті сатып алды) және ресейлік «Лукойл» («ҚазМұнайГаздан» 5% үлесті сатып алды) компаниялары кірді. Бұл қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік берді.


«Теңізшевройл» (ТШО) бірлескен кәсіпорнына қатысушы компаниялар
Дереккөз: «Теңізшевройл» компаниясының ресми сайты

«Теңізшевройл» аумағы 2500 шаршы шақырымды құрайтын лицензиялық учаскеде орналасқан. Оның құрамына супер алып Теңіз кен орны мен қоры жағынан аздау, бірақ ірі саналатын Королев кен орны, сондай-ақ барлау жұмыстарын жүргізуге арналған бірнеше перспективалы учаске кіреді. 2021 жылы «Теңізшевройл» 1993 жылдан бергі жиынтық өндіріс көлемі 500 млн тоннадан (4 млрд баррель) асқанын хабарлады.

«Теңізшевройл» Қазақстандағы бүкіл мұнай өндірісінің үштен бірін қамтамасыз етеді. Елдің ішкі жалпы өніміне (ІЖӨ) қосатын жылдық үлесі шамамен 11%-ды құрайды. «Теңізшевройл» еліміздегі ең ірі 50 салық төлеушінің көшін бастап тұр. Сонымен қатар, компания «Игілік» ерікті бағдарламасы аясында денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады.

1993 жылы Chevron-мен жасалған келісім «Теңізшевройлға» Теңіз және Королев мұнай кен орындарын 40 жылға, яғни 2033 жылға дейін игеруге эксклюзивті құқық берді. 2025 жылдың күзінде Chevron компаниясының келісімшарт мерзімін ұзартқысы келетіні және Қазақстан үкіметімен келіссөздерді бастап кеткені белгілі болды.

 

Дереккөздер:

«Теңізшевройл» компаниясының ресми сайты

The Astana Times

Википедия

Каспийский вестник

Petrocouncil

Forbes Kazakhstan

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу