Басты бетке қайту

Equinor (бұрынғы Statoil)


Equinor компаниясының логотипі
Дереккөз: Equinor компаниясының сайты

Equinor (бұрынғы Statoil) — негізгі акциялар пакеті Норвегия мемлекетіне тиесілі трансұлттық энергетикалық корпорация. Компанияның активтер жиынтығы (портфелі) мұнай-газ саласын, жаңартылатын энергия көздерін және төмен көміртекті шешімдерді қамтиды. Equinor Еуропа нарығын энергиямен қамтамасыз етуші ірі жеткізуші, теңіз қайраңында өндіру саласындағы жетекші әлемдік оператор, сондай-ақ жаңартылатын энергетика мен төмен көміртекті технологияларды енгізуші алғашқылардың бірі ретінде танымал.

Statoil компаниясы 1972 жылы Норвегия парламентінің шешімімен құрылған. Сол кезде компания 100% мемлекет меншігінде болды және оның бастапқы рөлі — Норвегияның мұнай-газ саласын дамытудағы үкіметтің коммерциялық құралы болу еді. Statoil-ды құру қажеттілігі 1960-жылдары Норвегия жағалауындағы құрлықтық қайраңнан мұнай табылғаннан кейін туындады. Компанияның алғашқы қызметі негізінен Норвегияның құрлықтық қайраңында мұнай мен газды барлауға, игеруге және өндіруге бағытталды.

1980-жылдары Statoil толық интеграцияланған мұнай компаниясына айналуды ұйғарып, Еуропада кеңейтілген автожанармай құю станциялары желісін құра бастады. Дегенмен, 2010 жылы Statoil бұл бизнесті жеке компания ретінде бөліп шығарды, ал 2012 жылы оны канадалық Alimentation Couche-Tard компаниясына сатты.

1990-жылдары Statoil халықаралық деңгейде кеңейе бастады. Газ тасымалдау жүйелері мен терминалдарын игеру және пайдалану бойынша ірі келісімшарттар жасасудың арқасында Еуропаның газ нарығындағы маңызды ойыншыға айналды. 2000 жылдан бастап құрлықтық қайраңға және шетелге салынған қомақты инвестициялардың арқасында бизнес қарқынды өсті. 2007 жылға қарай компания өз қызметін Алжир, Ангола, Әзербайжан, Бразилия, Нигерия, Ұлыбритания және АҚШ-ты қамтитындай кеңейтті. 2026 жылдағы жағдай бойынша компания әлемнің 20-дан астам елінде жұмыс істейді.

2001 жылы Statoil Осло және Нью-Йорк қор биржаларына тіркеліп, «Statoil ASA» атауымен ашық акционерлік қоғамға айналды. Жартылай жекешелендіруге қарамастан, Норвегия мемлекеті әлі күнге дейін 67% үлеспен компанияның ең ірі акционері болып қалуда.

2007 жылы Statoil мен норвегиялық «Norsk Hydro» компаниясының мұнай-газ бөлімшесі бірікті. Бұл оқиға компанияны теңіз кен орындары бойынша әлемдегі ең ірі операторға айналдырды. Жаңа құрылым «StatoilHydro» деп аталды, ал 2009 жылы бұл атау «Statoil ASA» болып оңайлатылды.

Сонымен қатар, компания жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде теңіз жел электр станцияларын дамытумен айналыса бастады. Мәселен, 2017 жылы компания әлемдегі алғашқы жүзбелі жел электр станциясы — Hywind Scotland жобасын іске қосты.


Hywind Scotland — әлемдегі ең алғашқы жүзбелі жел электр станциясы
Дереккөз: Equinor компаниясының ресми сайты

2018 жылы компания өзінің көпбейінді энергетикалық компания ретіндегі дамуын және ұзақ мерзімді стратегиясын айқындайтын «Equinor» деген жаңа атауға ие болды. Жаңа атау екі негізгі идеяға негізделген. Бірінші бөлігі теңдікті, тең құқылылық пен тепе-теңдікті білдірсе, екінші бөлігі компанияның норвегиялық тамырын көрсетеді.


Equinor компаниясының логотиптерінің тарихы
Дереккөз: Equinor компаниясының ресми сайты

Statoil 1990-жылдары Қазақстандағы алып Қашаған мұнай кен орнын игеру жөніндегі консорциумға қатысты. 2001 жылы компания жобадағы өз үлесін (4,76%) француздық TotalFinaElf компаниясына сатты.

2005–2011 жылдары Statoil мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қазақстандық «Абай» теңіз блогын игеру жобасын бірлесіп дамыту ниеті туралы бірнеше келісімге қол қойды. Дегенмен, 2013 жылы Statoil жобадан шығатынын мәлімдеді.

2019 жылы Equinor мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қазақстандағы мұнай-газ учаскелерін бірлесіп зерттеу туралы келісімге қол қойды.


Equinor және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдері Қазақстандағы мұнай-газ учаскелерін бірлескен зерттеу туралы келісімге қол қойды, 2019 жыл
Дереккөз: Offshore Energy

 

Дереккөздер:

Equinor компаниясының ресми сайты

Equinor компаниясының ресми сайты

Equinor компаниясының ресми сайты

Forbes Kazakhstan

Offshore Energy

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу