
Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің логотипі
Дереккөз: Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінің сайты
Георгий Валентинович Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты (бүгінгі таңда Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті, Г.В. Плеханов атындағы РЭУ) — Ресей Федерациясының жетекші экономикалық жоғары оқу орны. Ресейдегі экономикалық бағыттағы ең көне жоғары білім беру мекемесі.
ЖОО тарихы 1907 жылғы 19 ақпаннан басталады. Бұл күні кәсіпкер әрі меценат Алексей Вишняков басқарған Мәскеу коммерциялық білім беруді тарату қоғамының бастамасымен Жоғары коммерциялық курстар Мәскеу коммерциялық институты болып қайта құрылды. Бұл XX ғасырдың басындағы қарқынды дамып келе жатқан қалалық және өнеркәсіптік экономика үшін коммерсанттар мен экономистерді даярлауға арнайы бағытталған Ресейдегі алғашқы жоғары оқу орны болды. 1917 жылға қарай Мәскеу коммерциялық институты студенттер саны бойынша елдегі ең ірі ЖОО-ға айналды, бұл экономикалық және коммерциялық білімге деген жоғары сұранысты көрсетті.
1919 жылы Мәскеу коммерциялық институты мемлекет меншігіне алынып, Карл Маркс атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты (МХШИ) болып өзгертілді. Сәл кейінірек, 1924 жылы Маркс және Энгельс институтымен шатастырмау үшін институт атауы тағы да өзгерді. МХШИ-ге марксист-теоретик Георгий Валентинович Плехановтың есімі берілді. 1930-жылдары институттың жекелеген факультеттері негізінде бірқатар жоғары оқу орындары құрылды: Мәскеу энергетика институты, Мәскеу ет өнеркәсібі химия-технологиялық институты, Мәскеу тамақ өнеркәсібі институты, Мәскеу экономика-статистика институты және т.б. Ұлы Отан соғысы жылдарында Г.В. Плеханов атындағы МХШИ Мәскеудегі барлық экономикалық оқу орындарының ішінен эвакуацияланбаған жалғыз ЖОО болып, студенттерді оқытуды ғана емес, сонымен бірге қорғаныс өнеркәсібі мүддесі үшін зерттеулер жүргізуді де жалғастырды.
Соғыстан кейінгі онжылдықтарда Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты сауда, қоғамдық тамақтану, Мемлекеттік жоспарлау комитеті (Госплан) жүйесі, салалық министрліктер мен ғылыми-зерттеу экономикалық институттары үшін басты кадр ұстаханасына айналды; кейінірек оған Мәскеудің басқа да экономикалық оқу орындары қосылып, оның КСРО-дағы экономистерді даярлаудың жетекші орталығы ретіндегі рөлі нығая түсті.
XX ғасырдың соңында институт Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясы болып қайта құрылды, содан кейін 2010 жылы университет мәртебесін алып, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті деп аталды. 2012–2015 жылдары Университетке басқа да ЖОО-лар: Саратов мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық университеті, Ресей мемлекеттік сауда-экономикалық университеті және Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университеті қосылуы есебінен оқу орны ірілендірілді.
Қазіргі уақытта Г.В. Плеханов атындағы РЭУ-де білім беру бағдарламаларының барлық спектрі бойынша, жалпы орта білімнен бастап аспиранттар мен докторанттарды даярлауға дейінгі оқыту жүзеге асырылады. РЭУ-де білім беру Мәскеуде және Ресей Федерациясының қалалары мен шетелдерде орналасқан 16 филиалда жүргізіледі.

Г.В. Плеханов атындағы РЭУ II оқу корпусы
Дереккөз: Яндекс.карты
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу