
Mobil Oil Corporation компаниясының логотипі
Дереккөз: Википедия
Mobil (Mobil Oil Corporation) – қазіргі уақытта ExxonMobil трансұлттық корпорациясының құрамына кіретін америкалық мұнай компаниясы.
Mobil тарихы 1866 жылы Vacuum Oil Company компаниясының негізі қалануынан басталады. Оны керосин дистилляциясының қосалқы өнімі негізінде жағармай жасап шығарған өнертапқыш Хирам Бонд Эверест құрған. Компания жағармай материалдарын алу үшін мұнайды вакуумдық әдіспен өңдеуді алғашқылардың бірі болып енгізді.
1879 жылы Vacuum Oil Company-ді америкалық кәсіпкер және мұнай магнаты Джон Рокфеллер 1870 жылы негізін қалаған Standard Oil мұнай монополиясы сатып алып, өзінің корпоративтік құрылымына қосты. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Standard Oil компаниясы Vacuum Oil жағармайларын белсенді түрде ілгерілете бастады, кейінірек олар үшін Mobiloil сауда маркасы бекітілді. Уақыт өте келе осы брендпен шығатын өнімдер әртүрлі елдерде сатыла бастады және болашақ Mobil компаниясы біртіндеп Америка нарығынан тыс жерлерге шықты.
1882 жылы Standard Oil компаниясы Standard Oil Trust тресті болып қайта құрылды, оның құрамына Standard Oil of New Jersey (Jersey Standard) және Standard Oil of New York (Socony) сияқты еншілес компаниялар кірді. 1911 жылы АҚШ Жоғарғы Сотының шешімімен Standard Oil бірнеше тәуелсіз компанияларға бөлінді. Солардың ішінде Jersey Standard пен Socony де болды, олар кейіннен екі мұнай алыбы — Exxon және Mobil компанияларының негізіне айналды.
1931 жылы Socony (Standard Oil Company of New York) компаниясы Vacuum Oil-мен бірігіп, Socony-Vacuum компаниясын құрды. Ол уақытта компания бизнесі мұнай өндіруді, өңдеуді және жағармай материалдары мен отынның халықаралық нарықтарын дамытуды қамтыған болатын. 1955 жылы ол атауын Socony Mobil Oil Company, ал 1966 жылы — Mobil Oil Corporation деп өзгертті. Осылайша, қысқаша Mobil атауы жарнамада, жанармай құю станцияларында және мұнай өнімдерінің қаптамаларында компанияның негізгі фирмалық брендіне айналды. XX ғасырдың екінші жартысында Mobil маркасымен АҚШ, Аустралия, Еуропа және Азияда мыңдаған жанармай құю станциялары жұмыс істеді, компанияның мұнай өңдеу зауыттары мен танкерлер желісі болды. Ол ауқымы жағынан ең ірі халықаралық мұнай компанияларымен бәсекелесе алатын жаһандық ойыншылардың біріне айналды.
1999 жылғы 30 қарашада Mobil Exxon компаниясымен бірікті, нәтижесінде Exxon Mobil Corporation құрылды. Бұл сол уақыттағы әлемдегі мемлекетке тиесілі емес ең ірі танымал жеке мұнай-газ компаниясы болды, бұл ретте Mobil бренді отын мен жағармай материалдары үшін қолданыла берді. Осы бірігудің арқасында Mobil-дің ауқымы — өндіру жобаларының, МӨЗ, логистика мен бөлшек сауданың жаһандық желісі — одан да ірі интеграцияланған корпорацияның бөлігіне айналды, сонымен бірге бүкіл әлемдегі ЖҚС-лар мен канистрлерде Mobil брендінің танымалдылығы сақталып қалды.

ExxonMobil Corporation компаниясының логотипі
Дереккөз: Википедия
Mobil-ді ауқымы ғана емес, енгізген инновациялары компанияны әлемдік тұрғыда мойындатты. 1974 жылы Mobil 1 атауымен нарыққа синтетикалық мотор майын сатуға шығарды. Бұл мотор майы автокөліктерге арналғанең алғашқы бұқаралық синтетикалық май болатын, бүгінгі таңда да осы сегменттегі ең танымал брендтердің бірі болып саналады.

Әлемде алғаш рет толық синтетикалық Mobil 1 мотор майы шығарылды. 1974 жыл
Дереккөз: ExxonMobil корпорациясының сайты
Mobil компаниясы сервистік шешімдер саласында да бірқатар жаңалықтарды алғашқы болып енгізді: олардың қатарында отын өлшейтін автоматты колонкаларды ерте енгізу, ЖҚС-да (жанармай құю станциясы) өзіне-өзі қызмет көрсету форматын дамыту, ал кейінірек — салалық нормаға айналған колонкадағы қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерін (Speedpass) жасап шығару бар.
1978 жылдан бастап Mobil 1 бренді Williams Formula 1 және McLaren Mercedes сияқты жарыс командаларымен ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Mobil жағармайларын ағайынды Райттар 1903 жылы Flyer ұшағымен алғашқы ұшу кезінде пайдаланған. Кейінірек Mobil авиациялық отыны Boeing-707 ұшағымен жасалған алғашқы трансатлантикалық ұшу кезінде қолданылды. 1927 және 1928 жылдары Атлант мұхиты арқылы жеке ұшуды жүзеге асырған көрнекті ұшқыштар Амелия Эрхарт пен Чарльз Линдберг те Mobiloil жанар-жағармай материалдарын пайдаланған.

Чарльз Линдберг Атлант мұхиты арқылы алғаш рет жалғыз ұшып өту кезінде «Spirit of St. Louis» ұшағында Mobiloil майын пайдаланған
Дереккөз: ExxonMobil корпорациясының сайты
ExxonMobil — Қазақстанның ірі шетелдік инвесторлары мен серіктестерінің бірі. Ынтымақтастық 1993 жылы басталды. Сол уақытта компания Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру жөніндегі жобалардың қатысушысы атанып, республиканың мұнай-газ саласына ең көп инвестиция құйған алғашқы инвесторлардың қатарына кірді.
1990-жылдардың ортасында корпорация алып Теңіз кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнынан үлес алды. ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc. еншілес құрылымы арқылы бұл жобаның 25%-ына иелік етеді.
Сонымен қатар, ExxonMobil Солтүстік Каспий блоктарын игеру бойынша оффшорлық консорциум құрамына енді. Осы консорциум аясында Қашаган кен орны ашылып, компания жоба қатысушыларының бірі ретінде өз үлесін алды. Теңіз бен Қашаған мұнайын әлемдік нарықтарға шығару үшін ExxonMobil Mobil Caspian Pipeline Company еншілес кәсіпорны арқылы Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құруға және дамытуға қатысты. Қазіргі уақытта компанияның Қара теңізге дейінгі магистральдық құбыр желісінде шамамен 7,5% үлесі бар.
1998 жылғы деректер бойынша, Mobil компаниясының Қазақстандағы жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 миллиард долларды құраған.

Қашаған кен орны
Дереккөз: Forbes.kz
ExxonMobil мұнай-газ жобаларын игеруге қатысып қана қоймай, Қазақстан Республикасында білім беру мен денсаулық сақтауды қолдау бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Дереккөздер:
ExxonMobil корпорациясының сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу