Басты бетке қайту

«Базис-А» корпорациясы


«Базис-А» корпорациясының логотипі
Дереккөз: «Базис-А» корпорациясының сайты

«Базис-А» корпорациясы — Қазақстандағы ең ірі құрылыс холдингі әрі девелопер, елдегі тұрғын үй, коммерциялық және инфрақұрылымдық жобалардың негізгі құрылыс салушыларының бірі.

Корпорацияның іргесі 1990-жылдардың басында «КазПромНИИпроект» институты мен Алматы үй құрылысы комбинатында жұмыс істеген кәсіби құрылысшы Александр Беловичтің бастамасымен «Базис» шағын кәсіпорны ретінде қаланды. Алғашқы жылдары компания жобалау мен құрылысты қатар жүргізетін шағын ұйым ретінде қызмет етті. 1995 жылы компания атауы «Базис-А корпорациясы» ЖШС болып өзгертілді, бұл оның шағын кәсіпорыннан ірі девелопер мен құрылыс холдингіне айналғанын көрсетті. 1995 жылдан бастап корпорация қызметі жүйелі түрде кеңейе бастады. Құрылыс ауқымы артып, холдингтік құрылым қалыптасты, еншілес кәсіпорындар мен өндірістік қуаттар пайда болды.

«Базис-А» корпорациясы Астана қаласындағы заманауи үкіметтік-іскерлік келбетті қалыптастыратын бірқатар әкімшілік ғимараттардың бас мердігері әрі девелопері болды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ғимараты компанияның айрықша нысаны болып саналады. Үкіметтік орамда орналасқан бұл 12 қабатты әкімшілік ғимарат — жаңа елордадағы осындай деңгей мен кластағы алғашқы нысандардың бірі. Қаржы министрлігінің ғимараты Қазақстанның туын бейнелейді. Ол қасбетімен шығысқа қарап тұр, сондықтан шуақты күндері оның көгілдір қабырғасынан шығып келе жатқан күн сәулесі шағылысып, ал бұлттардың көлеңкесі желбіреген тудың әсерін береді.


Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ғимараты
Дереккөз: Forbes.kz

2002 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әкімшілік ғимараттар кешенінің құрылысы аяқталды. Кешен биіктігі 7-ден 18 қабатқа дейінгі жеті ғимараттан тұрады. Екі 18 қабатты айналы ғимарат жаяу жүргіншілер эспланадасының үстіндегі зәулім әуе аркасы арқылы жалғасып, біртұтас сәулеттік ансамбльді құрайды. Ғимараттарда Қазақстанның жетекші мұнай-газ компанияларының кеңселері орналасқан. Бұл кешен Астананың сол жағалауында бой көтерген алғашқы нысандардың бірі болды.


«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ әкімшілік ғимараттар кешені
Дереккөз: «Базис-А» корпорациясының сайты

2002 жылы Көлік және коммуникация министрлігіне арналған «Транспорт Тауэр» әкімшілік-технологиялық кешені пайдалануға берілді. Бұл жобаны салу үшін Түркия, Хорватия және Швейцарияның көптеген танымал компаниялары бақ сынасты. Дегенмен «Базис» компаниялар тобы ұсынған жоба бәсекелестерінен оқ бойы озық шықты. Көлік және коммуникация министрлігінің ғимараты ең заманауи инженерлік шешімдермен және техникалық жабдықтармен қамтылған. Ол жолаушылар ағынын жоғарғы қабаттарға дейін біркелкі бөлуді қамтамасыз ететін 10 жоғары жылдамдықты лифтпен жабдықталған. Ал 32-қабатта қала панорамасын тамашалауға мүмкіндік беретін шолу алаңы орналасқан.


Көлік және коммуникация министрлігінің ғимараты
Дереккөз: el.kz сайты

Корпорация қызметінің тағы бір маңызды бағыты — ірі спорттық және қоғамдық ғимараттардың құрылысын салу. Олардың ішінде 2017 жылғы Универсиадаға арнап салынған, 12 000 көрерменге есептелген «Алматы Арена» мұз айдыны ерекше орын алады.


«Алматы Арена» мұз айдыны
Дереккөз: circusalmaty.kz сайты

Корпорация осы уақыт ішінде әртүрлі мақсаттағы 16 миллион шаршы метрден асатын ғимараттардың құрылысын салды. Жыл сайын BAZIS-A 350–400 мың шаршы метр нысанды пайдалануға береді, бұл «Базис-А» компаниясының Қазақстандағы құрылыс саласының көшбасшысы және мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламаларды іске асырудағы ең ірі мердігерлердің бірі ретіндегі беделін нығайтты.

 

Дереккөздер:

«Базис-А» корпорациясының ресми сайты 

«Базис-А» корпорациясының ресми сайты 

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі

Forbes.kz

Forbes.kz 

Сайт kazlenta.kz

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу