Басты бетке қайту

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КСРО МҚК)


КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) эмблемасы
Дереккөз: Википедия

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КСРО МҚК) – КСРО-дағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткен сыртқы барлаудың, қарсы барлаудың және саяси іздестірудің басты органы. Ол құрылғанға дейін мемлекеттік қауіпсіздік функцияларын кезекпен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Контрреволюцияға және саботажға қарсы күрес жөніндегі Бүкілресейлік төтенше комиссия (ВЧК), Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) және КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ), содан кейін «контрреволюциямен» күресумен, барлаумен және қарсы барлаумен, басшылықты және шекараны күзетумен айналысқан КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) және Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі (МГБ) атқарды. Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы және КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін және 1953 жылы МГБ мен ІІМ біріктірілгеннен кейін, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының функциялары біртұтас Ішкі істер министрлігіне қосылды. 1954 жылғы 13 наурызда бұл мемлекеттік қауіпсіздік органдары ІІМ құрамынан қайта бөлініп шығып, одақтық-республикалық министрлік құқығында КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КСРО МК жанындағы МҚК) болып ресімделді; 1978 жылғы 5 шілдеде ол КСРО МҚК (КГБ) болып өзгертілді.

Міндеттері, парыздары мен құқықтары 1959 жылғы 9 қаңтарда Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің (КОКП ОК) Президиумы бекіткен «КСРО МК жанындағы МҚК туралы ережеде» анықталды. КСРО МҚК-не келесі міндеттер жүктелді: капиталистік мемлекеттердегі барлау жұмыстары; шетелдік барлау органдарының, шетелдік антисоветтік орталықтардың және олардың ел ішіндегі агенттерінің тыңшылық, диверсиялық, террорлық және өзге де бүлдіргіш қызметімен, сондай-ақ КСРО-дағы антисоветтік және ұлтшыл элементтердің қас дұшпандық әрекеттерімен күресу; Қарулы Күштердегі, азаматтық авиациядағы, шекара әскерлері мен ІІМ әскерлеріндегі, арнайы нысандардағы, өнеркәсіп пен көліктің аса маңызды нысандарындағы қарсы барлау жұмыстары; мемлекеттік шекараны, КОКП және кеңес үкіметі басшыларын күзету; үкіметтік байланысты ұйымдастыру және қамтамасыз ету және т.б.

1980-жылдардың соңына қарай КСРО МҚК құрылымына келесі басқармалар кірді: 1-ші бас басқарма (сыртқы барлау); 2-ші бас басқарма (қарсы барлау); 3-ші бас басқарма (әскери қарсы барлау); 4-ші басқарма (теміржол, су және әуе көлігінде қарсы барлау жұмыстарын ұйымдастыру); 5-ші басқарма (шетелдік арнайы қызметтердің «идеологиялық диверсия» акцияларына қарсы күресті ұйымдастыру және ел ішіндегі «қас дұшпан элементтердің» әрекеттерімен күресу); 6-шы басқарма (экономиканы қорғау); 7-ші басқарма (сырттай бақылауды ұйымдастыру); 8-ші басқарма (шифрлау және дешифрлау жұмыстары); 9-шы басқарма (КОКП және кеңес үкіметі басшыларын күзету); 15-ші бас басқарма (аса маңызды нысандарды пайдалануды, күзетуді және қорғауды ұйымдастыру); 16-шы басқарма (шетелдік радиоқұралдардың сигналдарын радио арқылы ұстап алу және дешифрлау, жаңа арнайы техникалық құралдарды әзірлеу және енгізу), сондай-ақ Шекара әскерлерінің бас басқармасы, үкіметтік байланыс әскерлері, кадрлар басқармалары, әртүрлі шаруашылық, медициналық және т.б. бөлімшелер.

1974 жылы КСРО МҚК құрамында «Альфа» арнайы антитеррорлық бөлімшесі, ал 1981 жылы КСРО шегінен тыс жерлерде барлау-диверсиялық операцияларды жүргізу міндеті жүктелген «Вымпел» арнайы бөлімшесі құрылды. 1980-жылдардың соңында кеңестік жүйенің дағдарысы және одақтық республикалардағы жағдайдың күрт шиеленісуі жағдайында, КСРО жоғары басшылығының шешімімен КСРО МҚК құрылымына әуе-десант әскерлерінің бірнеше бөлімдері берілді, олар Прибалтикадағы антикеңестік қарсылықтарды басуға және Закавказьедегі ұлтаралық қақтығыстарды жоюға пайдаланылды.

КСРО МҚК сыртқы барлауының орасан зор күш-жігері АҚШ үкіметі мен оның одақтастарының КСРО-ға және басқа да социалистік елдерге қатысты жоспарлары мен ниеттерін анықтауға бағытталды. МҚК барлау қызметкерлері АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) және АҚШ Федералды тергеу бюросының (ФБР) жекелеген қызметкерлерін өз жағына тартты (вербовка жасады), бұл олардың КСРО аумағындағы агенттік желісін әшкерелеуге мүмкіндік берді. Ғылыми-техникалық барлау қорғаныс ведомстволарының тапсырыстарын орындай отырып, стратегиялық маңызды ғылыми әзірлемелер мен материалдардың үлгілерін алды (тек 1987 жылы 29 мың материал және 11 мың үлгі типі алынды, оның ішінде КСРО Министрлер Кеңесінің әскери-өнеркәсіптік мәселелер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының тапсырмасы бойынша – 10 мың материал және 3 мың үлгі). Барлау қызметкерлері арасындағы опасыздық жасаудың жекелеген фактілеріне қарамастан, оның қызметі КСРО-ның әлемдегі позициясын нығайтуға ықпал етті.

КСРО МҚК қарсы барлау бөлімшелері дипломатиялық жамылғымен әрекет еткен шетелдік арнайы қызметтердің резидентураларын зерттеп, олардың кеңес азаматтары арасындағы агенттерін анықтады. 1970–1980 жылдары ондаған тыңшы әшкереленді. Кеңестік жүйе дағдарысының көрсеткіші ретінде «ынталы тыңшылықтың» (инициативный шпионаж) өсуі байқалды, бұл кезде кейбір кеңес азаматтары материалдық пайда табу мақсатында шетелдік барлаушылармен өздері байланыс орнатуға тырысты. Мемлекеттік қауіпсіздік органдары тұтқындаған мұндай «ынталылардың» саны кей жылдары әшкереленген шетелдік агенттердің жартысына жуығын құрады.

КСРО МҚК социалистік елдердің арнайы қызметтерімен ынтымақтаса жұмыс істеді, барлау және қарсы барлау ақпараттарымен алмасу жүзеге асырылды, бірлескен операциялар жүргізілді. Сонымен қатар, КСРО-ға бағыт алған дамушы елдердің арнайы қызметтеріне көмек көрсетілді.

КОКП басшылығы КСРО МҚК органдарын өзгеше ойлаудың (инакомыслие) көріністерімен күресу үшін пайдаланды. Кеңестік режимді сынаған, кеңес азаматтарының негізгі құқықтары мен бостандықтарының шектелуіне қарсы шыққан адамдарға, ұлтшылдық қозғалыстардың белсенділеріне, құқық қорғаушыларға қатысты заңсыз әдістер (мысалы, психиатриялық емдеу орындарына мәжбүрлеп жатқызу) қолданылды.

1991 жылғы тамыздағы мемлекеттік төңкеріс жасаудың сәтсіз әрекеті және оған мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары лауазымды қызметкерлерінің қатысуы алдымен басшылық құрамның күрт жаңаруына, содан кейін КСРО Мемлекеттік кеңесінің 1991 жылғы 22 қазандағы қаулысына және КСРО-ның 1991 жылғы 3 желтоқсандағы «Мемлекеттік қауіпсіздік органдарын қайта құру туралы» заңына сәйкес КСРО МҚК-нің таратылуына алып келді. Таратылған КСРО МҚК негізінде өтпелі кезеңге Республикааралық қауіпсіздік қызметі, КСРО Орталық барлау қызметі және КСРО Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі комитеті құрылды.

 

Дереккөздер:

Ресейлік үлкен энциклопедия

«Всемирная история» энциклопедиясы

Б.Н. Ельцин атындағы президенттік кітапхана

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу