Басты бетке қайту

Кирилл-Мефодий бауырластығы

Кирилл-Мефодий бауырластығы («Кирилл-Мефодий қоғамы»)  – XIX ғасырдың ортасында Киевтегі украин зиялыларының бастамасымен құрылған жасырын саяси бірлестік. Олар басыбайлылықты жоюды, қоғамды демократияландыруды және тең құқылы славян мемлекеттерінің одағы аясында Украинаның ұлттық мүдделерін жаңғыртуды көздеді.

Бауырластық 1845 жылдың соңында немесе 1846 жылдың басында Киевте жас ғалымдар, жазушылар және қоғам қайраткерлері арасында пайда болды. Оның негізін қалаушылар ретінде қоғамдық-саяси қайраткер Николай Гулак, тарихшы әрі жазушы Николай Костомаров және публицист Василий Белозерскийдің есімдері аталады. Кейінірек оған жазушы Пантелеймон Кулиш, ақын Тарас Шевченко және украин зиялыларының басқа да озық ойлы өкілдері қосылды.

Бауырластықтың мақсаты — славян демократиялық республикаларын құру және олардың орталығы Киевте орналасатын одақ ұйымдастыру еді. Жалпыславяндық федерацияның құрамына Украина, Ресей, Польша, Чехия, Сербия және Болгария кіруі тиіс болатын. Бауырластық мүшелері басыбайлылық құқықты, сословиелік артықшылықтарды жоюға, ар-ождан бостандығын және басқа де демократиялық бостандықтарды жариялауға ұмтылды.

Славян ағартушылары Кирилл мен Мефодийдің құрметіне қойылған атау бағдарламаның христиандық және ағартушылық сипатын, сондай-ақ славяндардың рухани және мәдени бірлігі идеясын айқындады.

1847 жылы билік бауырластықтың ізіне түсіп, тұтқындау мен тергеу амалдарын жүргізді. Киевтік пікірлестер тобының әрекеті қауіпті саяси қастандық ретінде бағаланды. Бауырластық мүшелері әртүрлі жазаларға кесілді: жер аудару, түрмеге жабу, астаналарда тұруға және әдеби қызметпен айналысуға тыйым салынды. Әсіресе Тарас Шевченко өте қатаң жазаланып, оған жазуға және сурет салуға тыйым салынды.

1847 жылдан кейін патша үкіметі Ресей империясында украин тілі мен әдебиетіне, соның ішінде Тарас Шевченко, Пантелеймон Кулиш, Николай Костомаров және бауырластықпен байланысты басқа да авторлардың шығармаларына салынған тыйымдар мен шектеулерді күшейтті.

 

Дереккөздер:

Ресейлік үлкен энциклопедия

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу