
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің логотипі
Дереккөз: Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сайты
Қарағанды политехникалық институты (ҚарПИ) — 1958 жылы Қарағанды қаласында іргесі қаланған жоғары оқу орны. Ол —1953 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қарағанды тау-кен институтының негізінде құрылған Қазақстандағы тұңғыш политехникалық ЖОО.
Қарағанды тау-кен институты КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1953 жылғы 9 шілдеде ашылды. Бұл шешім Қазақстан мен КСРО-да қарқынды дамып келе жатқан көмір және металлургия салалары үшін білікті кадрлардың тапшылығына байланысты қабылданды. 1958 жылы тау-кен металлургиясы, энергетика, машина жасау, көлік, байланыс және құрылыс салаларындағы инженер мамандарға деген сұраныстың артуына орай, институт Қарағанды политехникалық институты болып қайта құрылды. Ол сол уақытта Қазақстандағы алғашқы әрі жалғыз политехникалық институт болды.
1970-жылдары ҚарПИ-дің материалдық-техникалық базасы нығая түсті: көлік-жол және инженерлік-құрылыс факультеттері үшін стендтермен, машиналар мен механизмдердің модельдерімен, оқу қондырғыларымен жабдықталған жаңа зертханалық корпус пайдалануға берілді. Мұнда студенттер техникамен және конструкциялармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгерді. 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығына арналған бүкілодақтық жарыстағы жоғары көрсеткіштері үшін институт КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының, КСРО Министрлер Кеңесінің және БККСП-ның (ВЦСПС) мерейтойлық құрмет белгісімен марапатталды. Бұл оқу орнының одақтық маңызы бар жетекші техникалық ЖОО мәртебесін дәлелдеді.
1980 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ мен Қарағанды политехникалық институты КСРО-ның 870 жоғары оқу орны арасында өткен жарыс жеңімпаздары деп танылды.
1996 жылы Қарағанды политехникалық институты Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (ҚарМТУ) мәртебесін алды. Бұл ретте материалдық-техникалық база, профессор-оқытушылар құрамы және негізгі дәстүрлер сақталып, университеттік құрылымның негізіне айналды. Сонымен қатар, 1990-жылдардың ортасында университет жанынан техникалық лицей, ақпараттық технологиялар колледжі, экономика, кәсіпкерлік және менеджмент факультеттері сияқты жаңа бөлімшелер ашыла бастады. Бұл оқу орнының классикалық кеңестік политехникалық институт деңгейінен кеңейгенін көрсетті.
2020 жылы оқу орны «Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ ретінде мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. 2022 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен университетке Әбілқас Сағыновтың есімі берілді.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің бас корпусының ғимараты
Дереккөз: Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сайты
Дереккөздер:
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ресми сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу