
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің логотипі
Дереккөз: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің сайты
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ) – Түркістан қаласында орналасқан, Қазақстан мен Түркия бірлесіп ашқан мемлекеттік университет.
Ол 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен және Қазақстан мен Түркия арасындағы Үкіметаралық келісім негізінде құрылды. Оқу орны түркітілдес елдердің жастары арасынан заманауи, жоғары білікті мамандар даярлау мақсатын көздейді. Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан қаласында орналасқан бұл оқу орны – халықаралық жоғары оқу орны мәртебесін алған тұңғыш университет. Алғашқыда ол Түркістан мемлекеттік университеті деп аталды.
1992 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Премьер-министрі Сүлеймен Демирельдің ресми кездесуі барысында оқу орнына «халықаралық университет» мәртебесі берілді.
1992 жылғы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасында «Оқу орнын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» Келісімге қол қойылды.
2012 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызмет ету шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Ахмет Ясауи университеті — Қазақстандағы жетекші көпбейінді университеттердің бірі. Университеттің көпдеңгейлі білім беру жүйесіне жоғары базалық білім (бакалавриат), интернатура, магистратура, резидентура және докторантура кіреді. Университетке қабылдау мемлекеттік және түрік білім беру гранттары, сондай-ақ келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
Білім беру қызметі барлық деңгейлер мен тоғыз білім беру саласы бойынша 153 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Оқыту қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі.
Университет 1992 жылдан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім аясында медицина мамандарын даярлай бастады және халықаралық «full university» (толыққанды университет) санатына ие.
Қазіргі уақытта университетте 10 274-тен астам студент, интерн, магистрант, докторант және дайындық факультетінің тыңдаушылары білім алуда. Оның ішінде 1351-ге жуығы (жалпы контингенттің 14%-ы) алыс және жақын шетелдердегі түркітілдес елдерден келген студенттер.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркістан қаласындағы ғимараты
Дереккөз: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің сайты
Дереккөздер:
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ресми сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу