Басты бетке қайту

Қазақ металлургия зауыты

Қазақ металлургия зауыты — 1944 жылы Теміртау қаласында негізі қаланған металлургиялық кәсіпорын. Кейіннен ол Қарағанды металлургия комбинаты (ҚарМет, Қазақстан Магниткасы) деген атпен танымал болды. Қазақстанның ең ірі болат балқыту кәсіпорны, кеңес заманында КСРО-дағы ең ірі металлургиялық кәсіпорындардың бірі болды.

Зауыт құрылысы ел металға қатты мұқтаж болған Ұлы Отан соғысының қызған шағында, КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің шешімімен 1943 жылы 30 сәуірде ресми түрде басталды. 1944 жылы 31 желтоқсанда мартен пешінде алғашқы болат балқыту жүзеге асырылды, бұл республика индустриясы үшін тарихи оқиғаға айналып, Теміртаудың дамуына қуатты серпін берді. Зауыт жылына 105 мың тонна болат және 110,5 мың тонна иірме (прокат) шығару қуаттылығымен жобаланған болатын; 1950–1960 жылдары пештерге реконструкция жүргізіліп, жаңа қуаттылықтар іске қосылды, бұл оны КСРО-дағы ең озық әрі тиімді кәсіпорындардың біріне айналдырды.

1970 жылы зауыт құрамына шикізат кәсіпорындары еніп, сортты иірме өндірісі ашылды, осылайша зауыт атауы Қарағанды металлургия комбинаты болып өзгертілді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 90-жылдардың ортасына қарай Қарағанды металлургия комбинаты күрделі жағдайда қалды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жөндеуді қажет етті, негізгі материалдар мен қажетті қосалқы бөлшектердің қоры нөлге жуықтады. 1995 жылы комбинатты үнді-британдық «Ispat International» компаниясы сатып алды. Кәсіпорын «Испат Қармет» АҚ болып қайта аталды. 2004 жылы ол «Миттал Стил Теміртау» АҚ, ал 2007 жылдан бастап — «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болды. 2023 жылы комбинат активтері қазақстандық «Allur Group» компаниялар тобына өтті, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атауын ресми түрде «Qarmet»-ке өзгертті.

Қазіргі таңда Qarmet — Қазақстанның Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Ұлытау облыстарында департаменттері бар Еуразия құрлығындағы ең ірі өнеркәсіптік агломераттардың бірі. Кәсіпорында 35 мың адам жұмыс істейді. Кәсіпорын тау-кен өндіру және болат балқыту қызметімен айналысады. Оның құрамына кокс-химия, аглодомен, болат балқыту және иірме өндірістері кіреді. Комбинат өнімі Қытайда, Иранда, Еуропа мен Америкада үлкен сұранысқа ие.


Қарағанды металлургия комбинаты
Дереккөз: Tengri News

 

Дереккөздер:

Qarmet компаниясының ресми сайты

nur.kz.

«Время» қоғамдық-саяси газетінің сайты

Qazaqstan tarihy

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу