Басты бетке қайту

«Егемен Қазақстан» газеті


«Егемен Қазақстан» газетінің логотипі
Дереккөз: massaget.kz 

«Егемен Қазақстан» газеті — Қазақстанның негізгі қоғамдық-саяси басылымдарының бірі. Газет тарихы 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынборда «Ұшқын» деген атаумен шыққан басылымның алғашқы санынан басталады. Кейіннен газеттің атауы бірнеше рет өзгерді. Басылым 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан» деген атаулармен жарық көрді. Ал 1937 жылы газетке «Социалистік Қазақстан» атауы беріліп, осы атпен 54 жыл бойы шығып тұрды.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан аз уақыт бұрын басылым атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді. 1993 жылғы 1 қаңтарда атауы «Егемен Қазақстан» болып нақтыланды («-ді» жұрнағы алынып тасталды). 2018 жылғы 20 наурызда газеттің бас бетінде латын графикасымен жазылған «Egemen Qazaqstan»нұсқасы пайда болды.

Бүгінгі таңда «Егемен Қазақстан» — еліміздің жетекші қоғамдық-саяси басылымдарының бірі. Түрлі кезеңдерде редакция Қызылорда мен Алматы қалаларында орналасты. 1999 жылы редакция Қазақстанның елордасына көшірілді.

«Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған. 1957 жылы газет Еңбек Қызыл Ту орденін иеленсе, 2019 жылы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысына ие болды. Редакцияда БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтың иегерлері, 7 Президенттік грант иегері, «Дарын» сыйлығының, «Алаш» халықаралық сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Нұр Отан» партиясының журналистика саласындағы сыйлығының лауреаттары, «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің және спорт журналистикасы саласындағы С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаттары қызмет етеді. Бірқатар журналистер «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағына, «Баспасөз және полиграфия ісінің қайраткері» құрмет белгісіне ие болған, олардың арасында «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», ҚР Президентінің «Астана» медалінің, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалінің және басқа да марапаттардың иегерлері бар.

 

Дереккөздер:

Википедия 

Егемен Қазақстан басылымының ресми сайты

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу