
Бруклин колледжінің логотипі
Дереккөз: Википедия
Бруклин колледжі — АҚШ-тағы жоғары оқу орны, Нью-Йорк қалалық университетінің құрамындағы мемлекеттік университеттік колледж (Бруклин — Нью-Йорктің бес әкімшілік округінің бірі).
Бруклин колледжі 1930 жылы сол кездегі қыздарға арналған Хантер колледжі мен ерлерге арналған Нью-Йорк қалалық колледжінің Бруклиндегі бөлімшелерінің бірігуі нәтижесінде құрылды. Соның нәтижесінде Бруклин колледжі Нью-Йорктегі қыздар мен ұлдар бірлесіп оқитын алғашқы мемлекеттік гуманитарлық колледжге айналды.
Колледж көшіп келушілердің балалары мен жұмысшы таптың өкілдері үшін әлеуметтік лифт ретінде ойластырылған болатын, себебі сол кезде тегін жоғары білім болған (тегін оқу 1976 жылы тоқтатылды).

Бруклин колледжінің кампусы
Дереккөз: Википедия
Бруклин колледжі жас сәулетші Рэндольф Эванс ұсынған георгиандық стильдегі әдемі кампусымен танымал. Кампустың іргетасына алғашқы тас 1935 жылы 2 қазанда Нью-Йорк мэрі Фьорелло Ла Гуардиа, Бруклин колледжінің тұңғыш президенті Уильям А. Бойлан және округ басшысы Раймонд В. Ингерсоллдың қатысуымен салтанатты түрде қаланды.

Нью-Йорк мэрі Фьорелло Ла Гуардиа Бруклин колледжі кампусының іргетасына алғашқы қалау тасын қою салтанатында, 1935 жыл
Дереккөз: JSTOR цифрлық кітапханасы
Бір жылдан соң АҚШ Президенті Франклин Д. Рузвельт Бруклин колледжіне келіп, кейіннен Рузвельт-холл деп аталған колледждің спорт залының іргетасын қалау салтанатына қатысты.
1961 жылы Бруклин колледжі қаладағы басқа да ірі колледждермен бірге жаңа университеттік құрылым — Нью-Йорк қалалық университетінің (CUNY) құрамына енді.
XX ғасырдың екінші жартысында Бруклин колледжі азаматтық және саяси белсенділік алаңына айналды — студенттер мен оқытушылар азаматтық құқықтар жолындағы қозғалыстарға, студенттік демонстрациялар мен соғысқа қарсы наразылық шараларына белсене қатысты.
Қазіргі уақытта Бруклин колледжі гуманитарлық ғылымдарға басымдық бере отырып, әртүрлі салалар бойынша бакалавриат, магистратура және сертификаттау бағдарламаларының кең ауқымын ұсынады.
Бруклин колледжінің көрнекті түлектерінің арасында АҚШ сенаторлары мен федералдық судьялары, ірі компаниялардың бас директорлары, Олимпиада спортшылары мен актерлер, сондай-ақ «Оскар», «Эмми», Пулитцер және Нобель сыйлықтарының лауреаттары бар.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу