Алматы ауыр машина жасау зауыты (ААМЖЗ) — Алматы қаласында орналасқан, Қазақстандағы көпбейінді ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. Зауыт металлургия, тау-кен өндірісі, мұнай-газ, энергетика және өнеркәсіптің басқа да салаларына арналған жабдықтар шығаруға маманданған.
ААМЖЗ негізі 1941 жылғы 17 қарашада Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматыға эвакуацияланған Луганск (Ворошиловград) паровоз жасау зауытының үш цехы базасында қаланды. 1942 жылғы ақпанда зауыт құрылып, наурыздан бастап әскери мақсаттағы өнімдерін, бомбалар, миналар мен снарядтар шығара бастайды. 1943 жылғы тамызда кәсіпорын «Алматы ауыр машина жасау зауыты» (ААМЖЗ) атауын алды.
1946 жылы зауыт бейбіт өндіріске көшіп, прокаттық жабдықтар шығаруға кірісті. 1951 жылы бұйымдардың 84 түріне қосымша 1/650, 1/750, 6/350 сым тарту стандарын шығаруды игерді. Осы жылдан бастап зауыт алғаш рет экспортқа жұмыс істей бастады. 1982 жылы ААМЖЗ-да шығарылатын өнімдер тізімінде 300-ден астам түрлі машиналар мен жабдықтар болды, ал өнімдер әлемнің 32 еліне, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония және ГФР-ға экспортталды.
1990-жылдардың басында КСРО ыдырағаннан кейін зауыт күрделі қиындықтарға тап болды: өндіріс қысқарды, тапсырыс көлемі азайды, білікті мамандар кетіп жатты. Дегенмен, ААМЖЗ толық жабылып қалудан аман қалды. Қуаттылығы мен өндіріс көлемі айтарлықтай төмендегенімен, кәсіпорындағы жұмыс іс жүзінде тоқтаған жоқ.
1996 жылы Халықаралық маркетинг институты ААМЖЗ-ға «Сапа үшін халықаралық гауһар жұлдыз» сыйлығын берді, бұл экономикалық қиындықтарға қарамастан зауыт өнімінің жоғары деңгейін танудың белгісі болды. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі зауытты мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібіне арналған импортты алмастыратын өнімдер шығарғаны үшін атап өтті. Сол жылы ААМЖЗ мұнай-газ және энергетика өнеркәсібіне арналған жабдықтарды жобалау мен өндіруге мемлекеттік лицензия алды. 2000 жылдан бастап зауыт Қазақстанның осы салалары үшін өнім шығаруды жолға қойды.
Бүгінде «ААМЖЗ» таңбасы бар жабдықтар ТМД-ның барлық елдерінде және алыс шетелдің 30 елінде жұмыс істеп тұр. Сапа мен маркетинг саласындағы жетістіктері үшін зауыт бірнеше рет сыйлықтар мен дипломдарға ие болды. «ААМЖЗ» АҚ — республиканың ауыр өнеркәсібінің флагманы.

Алматинский завод тяжёлого машиностроения (АЗТМ)
Источник: Zakon.kz
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу