Басты бетке қайту

«Maker» ЖШС


Қарағанды құю-машина жасау зауытының (KLMZ) логотипі
Дереккөз: Қарағанды құю-машина жасау зауытының (ҚҚМЗ) сайты

«Maker» ЖШС — Қазақстанда тау-кен шахтасы мен тау-кен рудасы жабдықтарын шығарумен айналысатын компания. Ол «Kazakhmys Holding» (Казахмыс Холдинг) ЖШС құрамына кіреді.

Кәсіпорын 1940 жылы негізі қаланған Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында жұмыс істейді және Қазақстандағы, сондай-ақ жалпы өңірдегі ең ірі машина жасау зауыттарының бірі саналады.

1956 жылы зауыттың атауы №2 Қарағанды машина жасау зауыты болып өзгертілді. Кәсіпорын Қазақ КСР-інің шахталарында үңгу жұмыстарына қажетті жабдықтар мен құрал-саймандарды шығаратын елдегі жалғыз зауытқа айналды.

Зауыт 1990-жылдары КСРО ыдырағаннан кейінгі экономикалық дағдарыс салдарынан жабылу алдында тұрды. Жаңғыру кезеңі 1999 жылы басталды. Сол уақытта «Казахмыс» компаниясы кәсіпорынға жабдықтар мен қосалқы бөлшектер дайындауға тапсырыс беріп, кейінірек зауыт компанияның құрамына енді.

«Казахмыс» компаниясының құрамындағы алғашқы он жылда, республикалық үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, зауыт қосымша өздігінен жүретін тау-кен техникасын шығаруға көбірек бейімделіп, жаңа техника түрлерін өндіре бастады.

2010 жылы зауыт «ҚазБелАЗ» автокөлігін жасауға кірісті, сонымен қатар әртүрлі жүк көтергіштігі бар крандар өндірісі кеңейтіліп, конвейерлер, байыту фабрикасына арналған күрделі жабдықтар мен 16 камералы флотомашина шығару игерілді.

2015 жылдың желтоқсанында Қарағанды құю-машина жасау зауыты (ҚҚМЗ) «Maker» ЖШС болып қайта құрылып, кәсіпорын жеке заңды тұлға ретінде бөлініп шықты.

«Maker» ЖШС тау-кен жабдықтарын өндіру жобасы ретінде елдің Индустрияландыру картасына енгізілді. Кәсіпорын елді индустрияландырудың жалпы стратегиясы аясында өндірісті дамыту мен жаңғырту үшін мемлекеттік қолдауға ие болды. 2010 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде кәсіпорын айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы уақыт аралығында құны 59 миллиард теңгеден асатын 75 мың тоннаға жуық өнім шығарылды.

Бүгінде зауыт шығаратын өнімдердің ассортименті 7 мыңнан астам атауды қамтиды. Негізгі тұтынушылар — Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар шет елдердің тау-кен, металлургия және байыту өнеркәсібі кәсіпорындары. Зауыт жүк көтергіш және өздігінен жүретін машиналарды, шахта оқпандарын салуға және пайдалануға арналған жабдықтарды, шахта суын сыртқа айдау жүйесіне арналған сорғыларды, тау-кен қазындыларын бекітудің әртүрлі түрлерін, кен тасымалдау жабдықтарын, байыту жабдықтарын, құрылыс металл конструкцияларын, теміржол жылжымалы құрамына, энергетика және мұнай өндіру салаларына арналған өнімдерді және т.б. шығарады.

2021 жылы «Maker» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Президентінің сапа саласындағы «Алтын Сапа» сыйлығын алды. 2023 жылы кәсіпорын ТМД-ның сапа саласындағы сыйлығына қатысушы атанды.

 

Дереккөздер:

Қарағанды құю-машина жасау зауытының (ҚҚМЗ) ресми сайты

Nuz.kz

Kazakhmys.kz

Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайты

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу