Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі, ел азаматтарының әлеуметтік-саяси топтасуы мен этномәдени бірегейлігі үшін маңызды мәні бар музыкалық-поэтикалық шығарма.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында мемлекеттік гимн екі рет, 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
1992 жылы республика мемлекеттік егемендігін алғаннан кейін Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болған Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Ең үздік мәтінге жарияланған байқауда «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз» атты әнұран мәтінімен танымал ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және ақын Жадыра Дәрібаевадан құралған авторлық ұжым жеңіске жетті.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні алынды. Бұл шығарманы 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне Шәмші Қалдаяқов жазған болатын. Әнге мемлекеттік гимн деген жоғары мәртебе беру және оның асқақ естілуі үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы мәтінді өңдеп, толықтырды. Қазақстан Парламенті 2006 жылғы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті өзгертулер енгізіп, елдің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
Жаңа гимн алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысын ұлықтау (инаугурация) рәсімінде шырқалды. Ресми салтанатты шараларда гимн орындалған кезде Қазақстан азаматтары орындарынан тұрып, оң қолының алақанын кеуденің сол жағына қоюы тиіс.
Қазақстан Республикасының әнұранының мәтіні:
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Перевод на русский (подстрочник)
В её небе золотое солнце,
В её степях золотое зерно.
Она поэма мужеству,
Посмотри на мою страну!
В седой древности
Родилась наша слава.
Никогда не терявший чести
Силён мой казахский народ!
Припев:
О, мой народ! О, моя страна!
Я посаженный тобой цветок,
Я твоя льющаяся песня, моя страна!
Моя родная земля — мой Казахстан!
Открывающая путь будущим поколениям
Широкая необъятная земля есть у меня.
Сплочённая в единстве,
Независимая страна есть у меня.
Встречает (новое) время
Как извечного друга.
Наша страна счастливая,
Наша страна такая!
Припев

Халық әртісі Димаш Құдайбергеновтің орындауындағы Қазақстан Республикасының әнұраны
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу