
Қазақстанның елордасы – Астананың қақ ортасында астананы көшірудің (Алматыдан Астанаға) және жаңа Тәуелсіз Қазақстанның символы ретінде 2002 жылы тұрғызылған «Бәйтерек» монументі мен панорамалық мұнарасы орналасқан. Монументтің жоғарғы қабатында, 97 метр биіктікте «Аялы алақан» композициясы қойылған. Бұл — Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының қоладан құйылып, алтынмен апталған бедері (контррельефі).

Бәйтерек — әлемнің әмбебап мифологиялық тұжырымдамаларының бірін бейнелейтін «Өмір ағашы» деген мағынаны білдіреді. «Бәйтерек» монументі өзінің орналасуы мен композициясы арқылы ежелгі көшпенділердің ғаламның құрылымы туралы таным-түсінігін көрсетеді. Аңыз бойынша, әлемдер тоғысқан жерде Дүниежүзілік өзен ағып жатыр, ал оның жағасында тамырымен жерді тіреп, бұтағымен көкті ұстап тұрған «Бәйтерек» (қазақ тілінде — зәулім терек, сондай-ақ «тірек, қорғаушы» мағынасында) — Өмір ағашы өседі. «Бәйтеректің» тамыры — жерасты әлеміне, діңі — жер бетіне, ал басы — аспан әлемінде. Бәйтеректің ұшар басына бір қанатымен аспанды жауып, екінші қанатымен таң шапағын қарсы алатын алып Самұрық құсы ұя салған. Монументтің ең жоғарғы нүктесіндегі шыны шар — мәңгілік жаңа өмірдің символы саналатын Самұрық құсының жұмыртқасын бейнелейді.

«Бәйтерек» монументін салудың бастамашысы әрі идея авторы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Президент болашақ монументтің негізгі идеясы мен бейнесін қарапайым қағаз майлыққа (салфеткаға) эскиз ретінде сызып берген. Жобаның сәулетшісі — Ақмырза Рүстембеков.

2003 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезіне қатысушылармен бірге монументтің ұшар басындағы алып шар ішінде орналасқан «Астана-Бәйтерек» панорамалық алаңына барды. Осында 17 дін өкілінің қатысуымен «Бата» композициясы атты мемориалдық полотноға бірлесіп қол қою салтанатты рәсімі өтті.

Ағаштан ойылып жасалған, «Бейбітшілік пен келісім еліне айналған Қазақстан берекелі ел болсын» деген жазуы мен әлемдік дін лидерлерінің қолтаңбалары бар «Бата» композициясы – халқымыздың ұлттық құндылығы мен байлығы саналатын этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің қазақстандық моделін халықаралық деңгейде мойындаудың белгісі.

«Бата» композициясының жанында монументтің басты жәдігерлерінің бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оң алақанының бедері бейнеленген «Аялы алақан» композициясы орналасқан. Ол қазақстандықтардың ғаламшардағы бейбітшілік пен тыныштыққа деген ұқыпты көзқарасын білдіреді. Алақан бедері жерден 97 метр биіктікте орналасқан, бұл Астананың Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы болып жарияланған 1997 жылының құрметіне таңдалған.

Бұл композицияның негізі — қазақ халқының жомарттығын, қонақжайлылығы мен кең пейілін бейнелейтін Тайқазан. Ол, өз кезегінде, қазақстандық мемлекеттің басты құндылықтары саналатын тәуелсіздікті, шығармашылық еңбекті және халықтың әл-ауқатын бейнелейтін үш тірекке сүйеніп тұр.

2017 жылы «Бәйтеректе» ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Ол аяқталғаннан кейін, 2017 жылғы 5 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған монументке барды.

Егер ниет етіп, алақаныңды Тұңғыш Президенттің алақан бедеріне қойып, тілек тілесең, ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар. Мұнда ақ тілекпен жас жұбайлар, арман қуған түлектер мен өмір көрген ақсақалдар келеді.

«Аялы алақан» атауы қазақ тілінен аударғанда қамқорлық пен мейірімді білдіреді. Бұл — «Бәйтерекке» көтерілген әрбір адам үшін ізгілік пен амандықтың символына айналған киелі орын. Адамдар өз алақандарын «Аялы алақан» бедеріне қоя отырып, Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілейді».
Дереккөздер:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет хроникасы
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу