
1985 жылғы 23 маусымда Қазақстанның Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы «Теңіз» мұнай кен орнында «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты Балықшы барлау жұмыстары басқармасының №37 барлау ұңғымасын жоспарлы бұрғылау кезінде апат орын алды. 4467 метр тереңдікте бұрғылау ерітіндісінің (бұрғылау кезінде мұнай мен газдың бетке шығуына жол бермейтін арнайы қоспа) жұтылуы басталды. Теңіз кен орны мұнайлы қабаттардағы аномальді жоғары қысымымен ерекшеленеді. Мамандардың бұл мәселені шешуге тырысқанына қарамастан, жағдай бақылаудан шығып кетіп, ұңғымадан сыртқа қуатты мұнай-газ бұрқағы атылды. Газдың қысымы тереңдікте 750-800 атмосфераға, ал жер бетінде 200-300 атмосфераға дейін жетті.
Сағат 15:30-да биіктігі 200 метрден асатын бақылаусыз мұнай-газ бұрқағы тұтанып, өрт 400-450 шаршы метр радиустағы айналаны түгел шарпыды. Бірнеше минуттан кейін 1500 градусқа дейін жеткен жоғары температураның салдарынан бұрғылау мұнарасы құлады.
Оқиға куәгерлері қорқынышты көріністі былай деп сипаттаған: «Ұңғымадан бір шақырымға жуық қашықтықтың өзінде құлақ тұндыратын жан түршігерлік гуіл естіліп тұрады. От айналаның бәрін жалмап жатыр, техникалар пластмасса құсап балқып кетті. Аспаннан отқа елітіп ұшып келген, тірідей күйіп кеткен жыл құстары жерге жауып жатыр».
Күндіз лаулаған отты бірнеше ондаған шақырымнан, ал түнде жүз шақырымнан астам қашықтықтан көруге болатын еді. Апат орын алған жерге ең жақын орналасқан Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының Сарықамыс кентінің тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары бірден басталды.
Алып өрт бұрқағын жою шараларын әзірлеу үшін арнайы штаб құрылды. Оның құрамына КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Валерий Игревский бастаған түрлі қызмет өкілдері кірді. Валерий Игревский аса қуатты мұнай және газ бұрқақтарын ауыздықтау саласындағы әлемдегі ең ірі мамандардың бірі болатын. Бұл жұмыстарға КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі мен Геология министрлігінің әскерилендірілген бөлімдерінің қызметкерлері, Гурьев, Маңғышлақ, Ақтөбе және басқа да облыстардың өрт сөндіру бөлімдері, «Союзнефтемашремонт» зауытының мамандары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар тартылды.
Апатты жоюшылардың алдында орындалуы мүмкін емес болып көрінген міндет тұрды. Лаулап жанған бұрқақ ағыны жағдайында олар ұңғыманы жауып тастайтын құрылғыны — «бітеуішті» (заглушка) орнатуға болатын сенімді ұңғыма аузын қалыптастыруы керек еді. Ол үшін ұңғыма аузын металл конструкцияларынан тазарту, ал бұл мақсатта — жалынның бетін қайтарып, бұрғылау мұнарасынан қалған қалдықтарды салқындату қажет болды. Осы мақсатта Каспий теңізінен ұзындығы 13 шақырым болатын су құбыры тартылып, жасанды су қоймалары жасалды.
Металл конструкцияларын тракторлар мен бульдозерлердің көмегімен, мұнайдың толық жанбауынан түзілген ауыр атмосферада және адам төзгісіз жоғары температура жағдайында жан-жаққа тасу жұмыстары жүргізілді. Металл үйінділерін бөлшектеу үшін әскери техника, атап айтқанда, үйінділерді зеңбірекпен атқылап тазартатын Т-54 танкі қолданылды
Алып алау күндіз де, түнде де даланы жарықтандыруын тоқтатпады. Ұңғыманың аузында техникамен алу мүмкін болмайтын, өзара кірігіп кеткен қатайған топырақ пен темірбетон іргетас пайда болды. Жалғыз тиімді шешім — жару жұмыстары болды. 1985 жылғы 1-24 қазан аралығында 12 жарылыс жасалды. Зарядтардың көмегімен бұрғылау қондырғысының бетон негізі бөлшектеліп, дренажды шұңқырлар мен арықтар қазылды. Ұңғыма аузына жақындау үшін салқындату алаңы тазартылған соң, газ-мұнай бұрқағының ағынына секундына 160 литр су беріле бастады. Осы су пердесінің астында салмағы бірнеше тонна болатын тиек жабдығын орнатуға дайындық жүргізілді.
Бұрқақ айналасындағы ауа температурасы 100 градусқа дейін жетті! Айналаны және металл конструкцияларын салқындату үшін су берілетін өрт сөндіру жеңдері (шлангілері) қайта-қайта тұтанып, жанып кетіп жатты. Адамдар жерде пайда болған, іші қайнаған суға толған шұңқырларға сүрініп түсіп, нағыз тозақты бастан кешірді.
Апатты жою кезінде адам шығыны да болды. Барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан, 29 қазанда Украина КСР Геология министрлігінің Полтава әскерилендірілген бұрқаққа қарсы бөлімі командирінің көмекшісі Владимир Бондаренко қаза тапты. Оның құрметіне «Теңіз» вахталық кентінде ескерткіш-обелиск орнатылды.
Ұңғымаға «бітеуіш» орнатудың бірінші және екінші талпынысы сәтсіз аяқталды. Тек үшінші талпыныс қана қажетті нәтиже берді — 1985 жылғы 31 желтоқсанда тиек жабдығын ұңғыма аузына нық бекіту мүмкін болды. Осыдан кейін ұңғыманы біржолата басып, оны цементтеуге белсенді дайындық басталды.
КСРО-да цементтеу қоспасын мұндай жоғары қысыммен ұңғымаға айдай алатын жабдық болмағандықтан, АҚШ, Франция және Голландиядан арнайы техника сатып алынып, мамандар шақырылды. Бірақ тіпті солардың өзіне құбырлар тізбегін ұңғыманың түбіне дейін (шамамен 5 мың метрге) түсіру мүмкін болмады. Құбыр 3,1 мың метрден ары қарай өтпей қойды. Ұңғыманы түпкілікті цементтеу жұмыстарын КСРО мамандары жүргізді.
Бұрқақты толық өшіру және ұңғыманы консервациялау апаттан кейін 400 күн өткенде — 1986 жылғы 27 шілдеде ғана жүзеге асырылды.

Теңіз кен орнындағы апатты жою туралы бірнеше деректі фильм түсірілді, соның ішінде режиссер Игорь Гонопольскийдің «Бұрқақ басындағы көріністер» (Сцены у фонтана) атты жарты сағаттық фильмі бар (1986 жыл, «Қазақфильм» киностудиясы)
Дереккөз: «Бұрқақ басындағы көріністер» деректі фильмі
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу