Басты бетке қайту

«Новая газета» газеті


«Новая газета» газетінің логотипі
Источник: Википедия

«Новая газета» — 1993 жылы негізі қаланған ресейлік қоғамдық-саяси газет. Басылым өзінің құқық қорғау және оппозициялық бағытымен, сондай-ақ жемқорлық, полиция озбырлығы мен басқа де өткір әлеуметтік және саяси мәселелерге қатысты журналистік зерттеулерімен танымал.

Газет Мәскеуде «Комсомольская правда» редакциясынан кеткен бір топ журналистердің бастамасымен құрылып, алғашқыда «Новая ежедневная газета» деп аталды. Оның бірінші саны 1993 жылғы 1 сәуірде 100 мың дана тиражбен жарық көрді. Кейінірек басылым аптасына бірнеше рет шыға бастаған соң, атауынан «ежедневная» (күнделікті) сөзі алынып тасталды.

1993 жылы құрылған сәттен бастап «Новая газета» жемқорлық, полиция тарапынан жасалатын зорлық-зомбылық, заңсыз тұтқындаулар, сайлаудағы айла-шарғылар, «тролльдер фабрикасы» және Ресей әскерінің ел ішіндегі және одан тыс жерлердегі іс-қимылдары сияқты тақырыптарда сын мақалалар жариялап келеді. Басылымның кем дегенде бес журналисі, болжам бойынша, өздерінің кәсіби қызметіне байланысты қастандықпен өлтірілді.

Басылым мен оның қызметкерлері бірнеше мәрте кәсіби, қоғамдық және мемлекеттік марапаттардың иегері атанды. Соның ішінде Андрей Сахаров атындағы Еркіндік сыйлығы, БАҚ саласындағы еуропалық интеграцияға қосқан зор үлесі үшін Карл медалі (Германия) және Халықаралық баспасөз институтының Free Media Pioneer Award сыйлығы бар. 2021 жылы газеттің бас редакторы Дмитрий Муратов «демократия мен бейбітшіліктің ажырамас шарты ретінде ой еркіндігін сақтау жолындағы күш-жігері үшін» Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болды.

2022 жылғы 28 наурызда Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалау жөніндегі федералдық қызметтің (Роскомнадзор) материалда коммерциялық емес ұйым — «шетелдік агент» таңбасының жоқтығы үшін берген екінші ескертуінен кейін, «Новая газета» редакциясы Украинадағы соғыс қимылдары аяқталғанға дейін жұмысын тоқтататынын жариялады. Басылым алғашқы ескертуді 2022 жылғы 22 наурызда дәл осы себеппен,  материалдардың бірінде КЕҰ-«шетелдік агент» таңбасының болмауына байланысты алған болатын. 2022 жылғы 5 қыркүйекте Мәскеудің Басман соты Роскомнадзордың талап арызы негізінде «Новая газетаның» Ресейдегі БАҚ лицензиясының күшін жойды.

2022 жылғы 7 сәуірде «Новая газетаның» саясат бөлімінің редакторы Кирилл Мартынов жаңа басылым — «Новая газета. Европа» жобасының іске қосылғанын хабарлады. Сол жылдың 29 сәуірінде «Новая газета Европа» сайты Роскомнадзор тарапынан бұғатталды. 2023 жылғы 28 маусымда Ресей Бас прокуратурасы бұл басылымды «қалаусыз ұйым» деп таныды.

 

Дереккөздер:

Википедия 

«Ведомости» баспасы

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу