Басты бетке қайту

«Комсомольская правда» газеті


«Комсомольская правда» газетінің логотипі
Дереккөз: «Комсомольская правда» газетінің ресми сайты

«Комсомольская правда» газеті (қысқаша КП) — негізі 1925 жылы Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағының (БЛКЖО) ресми баспа органы ретінде қаланған. Алғашқы саны 1925 жылғы 24 мамырда 31 мың дана таралыммен жарық көрді. Басылым комсомол жұмысын көрсету мақсатында ашылып, Кеңес Одағының жастар аудиториясына бағытталды.

«Комсомольская правданың» айрықша сипаты басқа кеңестік басылымдармен салыстырғанда ақпаратты ашық әрі батыл беретін жастар газеті болуында еді. Газетте ғылыми-көпшілік, саяси және шытырман оқиғалы материалдар, сондай-ақ жас кеңес жазушылары мен ақындарының шығармалары жарияланып тұрды. Газет Ленин ордені, Қазан төңкерісі ордені, І дәрежелі Отан соғысы ордені және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені сияқты көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.

1990 жылы басылым тәуліктік таралым бойынша әлемдік рекорд орнатты. Таралым - 21 900 000 дана. Бұл XX ғасырдың абсолют жетістігі болып саналып, Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен таралыммен шығатын күнделікті газет ретінде енді.

1992 жылы КСРО ыдырағаннан кейін газет жекешелендіріліп, атауын сақтай отырып, өз тұжырымдамасын ойын-сауық бағытына өзгертті. 1990–2000 жылдары газет қоғамдық-саяси тақырыптардан гөрі шоу-бизнес жаңалықтарына, танымал тұлғалардың өміріне және оқырманды қызықтыратын ойын-сауық мәселелеріне басымдық беріп, ірі «таблоидтардың» біріне айналды. Газетте саяси шолулар сақталғанымен, оларға бөлінетін орын азайды.

1993 жылдың күзінен бастап халық арасында «толстушка» деп аталып кеткен, көлемі үлкенірек апталық шыға бастады. Оның таралымы күнделікті нөмірлерден айтарлықтай асып түсіп, 2,7—3 миллион данаға жетті.

«Комсомольская правданың» веб-сайты 1998 жылы ашылды. 2009 жылдың ақпанында мәскеулік эфирге «Комсомольская правда» радиостанциясы шықты. 2011 жылдың тамызынан 2014 жылдың желтоқсанына дейін «Комсомольская правда» телеарнасы жұмыс істеді.

2012 жылы Ernst & Young компаниясы мен «Сколково» Мәскеу басқару мектебі құрған Қарқынды дамушы нарықтарды зерттеу институтының есебіне сәйкес, «Комсомольская правда» медиахолдингі БРИКС елдеріндегі ең қарқынды даму үстіндегі жеке компаниялардың қатарына енді.

2025 жылғы 24 қаңтарда Ресей Президенті Владимир Путин «Комсомольская правда» баспа үйінің бүкіл ұжымын мемлекеттік награда — Құрмет орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Награда «бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудағы еңбегі және көпжылдық жемісті қызметі үшін» берілді.

 

Дереккөздер:

«Комсомольская правда» БҮ ресми сайты 

Ресейлік үлкен энциклопедия 

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу