Басты бетке қайту

«Интерфакс» агенттігі


«Интерфакс» ақпарат агенттігінің логотипі
Дереккөз: «Интерфакс» ақпараттық тобының сайты

«Интерфакс» агенттігі — Ресейдің жетекші ақпарат агенттіктерінің бірі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы (ТМД) елдеріндегі ең ірі ақпараттық топ. Ол отыздан астам компанияны ұлттық, аймақтық және салалық агенттіктер желісін біріктіреді.

1989 жылы Мәскеуде КСРО Мемлекеттік телерадиосының шетелге хабар тарату бөлімінде жұмыс істеген Михаил Комиссар бастаған журналистер тобы Кеңес Одағындағы алғашқы тәуелсіз ақпарат агенттігі ретінде негізін қалайды. Ақпарат тарату үшін «Интерфакс» әлемде алғашқылардың бірі болып (сол кездегі қымбат телетайп желілерінің орнына) телефаксты қолдана бастады. «Интерфакс» атауы «интернационалдық» және «факс» сөздерінің тіркесінен тұрады, бұл агенттік қызметінің ең басынан бастап ақпарат берудің инновациялық тәсіліне негізделгенін көрсетеді.

Алғашқы бес жұмыс жылы ішінде «Интерфакс» ақпарат агенттігі өз қызметінде қоғамдық-саяси тақырыптарды жариялауға басымдық берді. Алайда, ұйымның даму барысында ақпараттық басымдықтарды экономикалық және қаржылық мәселелер бағытына қарай стратегиялық тұрғыдан қайта бағдарлау қажеттілігі туындады. Бұл нарықтың аталған сегментіндегі мақсатты аудиторияның кеңдігімен және оның жоғары төлем қабілеттілігімен байланысты болды. Соның нәтижесінде «Интерфакс» саяси жаңалықтардан бөлек, Кеңес Одағындағы бизнес туралы алғашқы мерзімді басылымды, орыс және ағылшын тілдерінде «Soviet Business Report» шығара бастады. Кейін металлургия, қаржы, банк, отын-энергетика кешені (ОЭК) және басқа да салалық басылымдар пайда болды.

Бүгінгі таңда «Интерфакс» бұқаралық ақпарат құралдары, компаниялар, банктер және мемлекеттік ведомстволар үшін ақпараттық өнімдер өндіруге маманданған. Ол экономикалық және қаржылық ақпараттарға басымдық беруімен, сондай-ақ ақылы жазылушыларға арналған жабық таспаларда эксклюзивті және талдау материалдарын ұсынуымен танымал. Агенттік өнімдерінің қатарында корпоративтік ақпаратқа қол жеткізу және журналистік зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылатын ірі СПАРК деректер базасы бар.

Жаңалықтардан бөлек, «Интерфакс» бизнеске арналған озық ақпараттық-талдау бағытындағы IT-шешімдерді ұсынады, олар тәуекелдерді басқаруға, комплаенсқа, маркетингке, БАҚ талдауына және басқа да міндеттерге көмектеседі. Агенттік Ресей Банкінің қор нарығындағы ақпаратты ашу бойынша аккредиттелген мәртебесіне ие.

Агенттік мемлекеттік ТАСС және РИА Новости агенттіктерімен қатар ресейлік жаңалықтар агенттіктерінің «үлкен үштігіне» кіреді, сонымен бірге ол — солардың ішіндегі мемлекет меншігіне жатпайтын жалғыз агенттік.

Қазақстанда «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі саяси және экономикалық ақпарат нарығында 1996 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді»

 

Дереккөздер:

«Интерфакс»  ақпараттық тобының сайты

Ресейлік үлкен энциклопедия

Википедия

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу