Еркешбай Жайлаубайұлы Дербісов 1941 жылы 1 қыркүйекте Қазақ КСР Алматы облысы Іле ауданының Қоянқұс ауылында (қазіргі Қазақстан Республикасы) дүниеге келген. Еңбек жолын Алматы сүт комбинатында слесарь шәкірті болып бастады. Кейіннен жеміс-жидек комбинатында жұмыс істеп, бұрғылау жұмыстарымен айналысты, Геологиялық ғылымдар институтында коллектор болады.
1966 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын (қазіргі Нархоз университеті) бітіргеннен кейін Қазақ КСР Қаржы министрлігі жүйесінде жұмысын бастады. 20 жыл ішінде экономистен министрдің бірінші орынбасарына дейінгі мансап жолынан өтіп, аға экономист, бөлім бастығы, бас маман, басқарма басшысы лауазымдарын атқарады.
1992 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының (ҚР) Қаржы министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 1994 жылғы қазанға дейін атқарды. 1993 жылы 15 қарашада оның басшылығымен Ұлттық банкпен бірлесіп ұлттық валюта – төл теңгемізді айналымға енгізу операциясы жүзеге асырылды, бұл Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігінің шешуші кезеңіне айналды. Оның жұмыс істеген кезеңінде қаржы органдарын орталықтандыру, соның ішінде Бас кеден басқармасын Қаржы министрлігімен біріктіру және Бас салық инспекциясын Қаржы министрлігінің құрамына енгізу туралы шешім қабылданды.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Іс басқарушысының орынбасары, кейіннен ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Кеден комитетінің төрағасы болып, онда 1996 жылға дейін қызмет етті.
1996–1999 жылдары — ҚР Ұлттық банкі Мемлекеттік құндылықтар қоймасының бастығы.
1999–2000 жылдары — ҚР Ұлттық банкі Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығының директоры болды.
2000 жылы ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ол 2000 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында қайтыс болды.
Дереккөздер:
Қазақстан Республикасының салық жүйесі мен салық құқығының қалыптасу тарихы тұлғалар мен фактілерде
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу