
Виктор Геращенко
Дереккөз: ТАСС
Виктор Владимирович Геращенко 1937 жылғы 21 желтоқсанда Ленинградта (қазіргі Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласы) дүниеге келген. Әкесі Владимир Сергеевич Геращенко Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) Мемлекеттік банкі басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.
1960 жылы Мәскеу қаржы институтының (қазіргі РФ Үкіметі жанындағы Қаржы университеті) несие факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын КСРО Мемлекеттік банкінде (Ресей Федерациясы Орталық банкінің ізашары) есепші лауазымынан бастады, кейіннен КСРО Сыртқы сауда банкінде (Внешторгбанк) жұмыс істеді. 1965–1980 жылдар аралығында Лондон, Бейрут, Майндағы Франкфурт және Сингапур қалаларын қоса алғанда, шетелдегі кеңестік банктерде басшылық қызметтер атқарды.
1982 жылы КСРО Сыртқы экономикалық қызмет банкінің (1988 жылғы шілдеден бастап — Внешэкономбанк) валюталық басқармасының бастығы, ал 1989 жылы — КСРО Мемлекеттік банкінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл кезеңде елдің қаржы жүйесі жүйелі дағдарысты және республикалардың сепаратистік пиғылының артуын бастан кешіп жатты. 1991 жылғы ақша реформасы кезінде Виктор Геращенконың жетекшілігімен ақша массасын реттеу бойынша жаңа шаралар енгізілді.
Кеңес одағынан кейінгі кезеңде Ресей Орталық банкін екі рет, атап айтқанда 1992–1994 және 1998–2002 жылдары басқарды. 1998 жылы Ресей мемлекеттік қазынашылық облигациялар бойынша техникалық дефолт жариялауға мәжбүр болып, бұл доллар бағамының күрт өсуіне және бағаның үш есе қымбаттауына әкеп соқтырғаннан кейін, Премьер-министр Евгений Примаковтың ұсынысымен Орталық банк басшысы болып тағайындалды. Виктор Геращенконың басшылығымен Ресей Федерациясының Орталық банкі рубль бағамын тұрақтандыра алды. Үкімет қабылдаған шаралармен қатар, бұл ел экономикасының қайта өсуіне мүмкіндік берді.
Ресей Федерациясы Орталық банкінің өкілі ретінде Виктор Геращенко «Внешторгбанк» пен Ресей «Сбербанкінің» байқау кеңестерін басқарды, Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық қайта құру және даму банкіндегі Ресей Федерациясының басқарушысы болды.
Ол елдің басты қаржы институттарын бірнеше рет басқарған аңызға айналған банкир ретінде танылды — жалпы алғанда, ол Ресей Орталық банкіне 2 109 күн бойы жетекшілік етті. Елдегі ең ықпалды қаржыгерлердің бірі болып саналды.
2002 жылы отставкаға кеткеннен кейін Ресей Банкінің Ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді, елдің саяси өміріне араласты («Ресей өңірлері» партиясының, кейіннен «Родина» партиясының мүшесі), «ЮКОС» компаниясының директорлар кеңесін басқарды (2004–2006).
«Ресей және ақша. Бізді не күтіп тұр?» (2009), «Дефолтқа жол жоқ! Қатемен жұмыс» (2013) кітаптарының авторы.
2025 жылғы 11 мамырда Мәскеуде қайтыс болды.
Оның негізгі марапаттары мен атақтары:
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу