
Сарбас Ақтаев
Дереккөз: Adebiportal.kz
Сарбас Ақтаев 1934 жылы 30 қыркүйекте Қазақ КСР Көкшетау облысы Көкшетау ауданында (қазіргі аумақ Ақмола облысы Зеренді ауданының құрамына кіреді) туған.
1957 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, 1958 жылдан бастап журналистік қызметі басталды. Көптеген жылдар бойы облыстық және республикалық газеттердің, «Ара» журналының редакцияларында жұмыс істеді. «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары (қазіргі – «Егемен Қазақстан»), «Халық Кеңесі» газетінің бас редакторы, ең көне республикалық басылымдардың бірі – «Ақиқат» («Қазақстан коммунисі») бас редакторы болды.
1963 жылы Сарбас Ақтаевтың «Тұңғыш кітап» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Кейінірек – «Дала туралы толғау», «Бұлар бірінші болып еді» және «Қапшағай туралы хикая» атты очерктер мен көркем публицистика жинақтары.
Ол әдебиеттің барлық жанрларында жұмыс істеді, түрлі тақырыпта толғамды очерктері мен деректі прозалары басылым беттерінде жариялап келеді. Шығармаларының көбі тарихи фактілерге негізделе отырып жазылған. Қазақ тіліне әдебиет аудармашысы ретінде де өте табысты. Оның аудармаларына Михаил Шолохов, Михаил Булгаков, Альберт Камю, Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Иван Тургенев, Апполон Майковтың шығармалары кіреді. Сарбас Ақтаевтың ірі еңбектерінің бірі – «Ежелгі Грецияның аңыздары мен мифтерінің» аудармасын атап кетуге болады.
Алматы қалалық Кеңесінің депутаты болды. Қоғам қайраткері, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық Қоғамның Басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының ақсақалдар кеңесінің мүшесі.
Дереккөздер:
Жаңа теледидар
Ақмола ақиқаты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу