
La Stampa газетінің логотипі
Дереккөз: La Stampa газетінің сайты
«La Stampa» («Ла Стампа», итал. тілінен аударғанда «Баспасөз») газеті — Италиядағы тарихы терең, танымал және ықпалды күнделікті шығатын газеттердің бірі. Бас кеңсесі Турин қаласында орналасқан және ол елдегі жетекші жалпыұлттық басылымдардың қатарына жатады.
Газеттің негізі 1867 жылы Туринде «Gazzetta Piemontese» («Пьемонт жаршысы») деген атпен қаланған. 1895 жылы басылымды Альфредо Фрассати сатып алып, оған «Ла Стампа» деген жаңа атау береді. Бенито Муссолини билікке келгеннен кейін де Фрассати баспагер болып қала береді. Ол кезде «Ла Стампа» либералды газет және демократияның қорғаушысы болып саналды. Алайда, фашистерді қолдаудан бас тартқан Фрассати 1924 жылы отставкаға кетуге мәжбүр болды. Бірнеше жыл бойы басылым фашистік насихаттың құралы ретінде пайдаланылды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Стампа» уақытша «La Nuova Stampa» деп өзгертіліп, соғысқа дейінгі дәстүрлерін қайта жаңғыртты. Газет беттерінде Италияның әлеуметтік мәселелері кеңінен көтерілді.
Өз тарихының басым бөлігінде «La Stampa» «Fiat» автомобиль концернінің негізін қалаушы Аньелли әулетімен тығыз байланысты болды. Бұл байланыс газеттің салмақты және кәсіпкерлікті қолдайтын редакциялық саясатын, әсіресе экономикалық мәселелердегі ұстанымын, сондай-ақ оның Италияның өндірістік солтүстік аймағының үні ретіндегі мәртебесін айқындап берді.
«Стампа» 2006 жылдың қарашасына дейін Туринде плакаттық форматта басылып шықты. Газет ішкі және халықаралық саясаттан бастап, экономика, мәдениет және спортқа дейінгі ауқымды тақырыптарды қамтиды. Миландық «Corriere della Sera» және римдік «La Repubblica» басылымдарымен қатар, «La Stampa» Италиядағы ең ықпалды және ең көп оқылатын үш газеттің қатарына кіреді.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу