
Али Акбар Велаяти
Дереккөз: Википедия
Әли Акбар Велаяти 1945 жылғы 24 маусымда Иранның Шемиран аймағындағы Ростамабад ауылында дүниеге келген. Тегеран университетінде медицина саласын зерттеп, АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінде тағылымдамадан өткен.
Саяси қызметінің басында оппозициялық қозғалыстардың белсендісі және имам Рухолла Хомейнидің (ирандық діни, мемлекеттік және саяси қайраткер, 1979 жылғы Ислам революциясының көшбасшысы, 1979–1989 жылдардағы Иранның Жоғарғы Көшбасшысы) соңынан еруші болды.
1979 жылы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып тағайындалды, кейіннен Ислам кеңес мәжілісінің (ел парламенті) депутаты болды. 1981 жылдан 1997 жылға дейін президенттер Әли Хаменеи мен Хашеми Рафсанджанидің тұсында Иранның Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Осыдан кейін Иранның Жоғарғы Көшбасшысы Әли Хаменеидің халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі болып, елдің сыртқы саясатындағы негізгі тұлғалардың бірі болып қалды. Сыртқы істер министрі ретінде 1980-жылдардың соңы мен 1990-жылдардың басында Иракпен бейбіт келіссөздер жүргізді.
Иран президенттігіне екі рет (2005 және 2013 жылдары) өз кандидатурасын ұсынды. Елдің сыртқы саяси бағытын қалыптастыруда, соның ішінде ядролық бағдарламаны қолдау мен батыс санкцияларын қатаң сынауда елеулі рөл атқарды. Тәжірибелі саясаткер және келіссөз жүргізуші ретінде беделге ие.
1991 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Қазақстанға ресми сапармен келген Әли Акбар Велаяти бастаған Иран Ислам Республикасының делегациясын қабылдады. Әли Акбар Велаяти Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстар өзара тиімді негізде белсенді дамитынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер қорытындысын мақұлдай отырып, екі мемлекет арасында тығыз сауда-экономикалық байланыстар орнату үшін барлық объективті алғышарттар бар екенін атап өтті.
1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Әли Акбар Велаяти Иран Жоғарғы Көшбасшысының халықаралық саясат жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келеді.
Дереккөздер:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің хроникасы сайты
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің хроникасы сайты
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу