
Кешірім Бозтаев
Дереккөз::Semeylib.kz
Кешірім Бозтайұлы Бозтаев 1933 жылы 25 маусымда Қазақ АКСР-і Шығыс Қазақстан облысының Ақшатау ауылында (қазіргі Қазақстанның Абай облысы, Дөненбай ауылы) дүниеге келген. Жоғары білімді Қазақ тау-кен металлургия институтында (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті) алады. Еңбек жолын қатардағы металлург ретінде бастап, шеберден цех бастығына дейінгі жолдан өтті. Өскемендегі Қорғасын-мырыш комбинатында (қазіргі «Казцинк» компаниясының құрамында) партия комитетінің хатшысы болады.
1973-1985 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің (обком) хатшысы, екінші хатшысы, 1985–1987 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің (облатком) төрағасы қызметтерін атқарады.
1987–1991 жылдары Қазақ КСР-і Семей облыстық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарды. Оның басшылығы кезінде облыста мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер көптеп салынып, өңірдің инфрақұрылымы мен өнеркәсіптік өндірісі жаңғыртылды. Облыстағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 15-орыннан 5-орынға көтерілді.
1989–1991 жылдары — КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мүшесі, 11-шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1990 жылы Семей облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып сайланып, бұл қызметті 1993 жылға дейін атқарды.
Ол Семей ядролық сынақ полигонының қызметін тоқтату мен оны түпкілікті жабу процесінде шешуші рөл атқарған тұлғалардың бірі болды. Шығыс Қазақстан облысын басқарған кезеңде жергілікті халықтың үлкен алаңдаушылығын тудырған ядролық сынақтарға белсенді түрде қарсы шықты. 1989 жылы Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевке Семей полигонын жабуды табанды түрде талап еткен құпия шифрограмма жолдады. Оның белсенді ұстанымы сынақ салдарларын жою бойынша шаралар қабылдауға ықпал етті. Облыста ядролық сынақтардан зардап шеккен аудандарға әлеуметтік және экономикалық қолдау көрсету шаралары қолға алынып, қоршаған ортаны бақылау мен қалпына келтіру бағдарламалары басталды.
Ел алдындағы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
1997 жылы зейнетке шыққаннан кейін ядросыз әлем құруға бағытталған қоғамдық қызметін жалғастырды. Қарусыздануды қолдайтын ұйымдармен әріптестік орнатқан «Полигон – 29 тамыз» халықаралық қайырымдылық қорын құрды.
1999 жылы 7 тамызда Семей қаласында қайтыс болды.
Дереккөздер:
Восточно-Казахстанская областная библиотека имени А.С. Пушкина
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу