
Абай Бисембаев
Дереккөз: Inbusiness.kz
Абай Айдарханұлы Бисембаев 1967 жылы 21 мамырда Қазақ КСР-і Көкшетау облысының Зареченское ауылында (қазіргі Қазақстан, Ақмола облысы, Ақмола ауданы) дүниеге келген. 1992 жылы Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Әлеуметтік-саяси қатынастар теориясы» мамандығы бойынша, 1996 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын (қазіргі – Нархоз университеті) «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылы кандидаттық диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атағын алады.
Еңбек жолын 1984 жылы Көкшетау облысының (қазіргі – Ақмола облысының аумағы) құрылыс-монтаждау басқармасында жұмысшы болып бастады, кейін 1985-1987 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет өтеді. 1990-жылдардың басында ҚазКСР Ғылым академиясының Экономика институтының ғылыми қызметкері болды, ал 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасының (ҚР) Мүлік жөніндегі комитетінде мемлекеттік инвестициялар мәселелерімен айналысты.
1994-1995 жылдары Министрлер кабинетінің Іс басқармасында бас инспектор және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің консультанты болды. 1995–1996 жылдары ҚР Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі болды. 1996 жылдан 2006 жылға дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да басқарушылық лауазымдар атқарды.
2006 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында – ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары, кейін 2012-2019 жылдары Президенттің Іс басқарушысы болып жұмыс істеді. 2019 жылғы наурызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі, сонымен бірге – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары болды.
2022 жылғы наурыздан бастап – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» (2019) орденімен, ІІ дәрежелі «Барыс» (2014) орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу