Басты бетке қайту

Бірыңғай экономикалық кеңістік

«500 күн» бағдарламасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік КСР Одағын бірыңғай ақша-қаржы және валюта жүйесі, шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары, бірыңғай кедендік бақылау және сыртқы экономикалық байланыстарды реттеудегі біркелкілігі бар экономикалық одақ ретінде сақтауды көздеді. 
«500 күн» – бұл КСРО-да жоспарлы экономикадан нарықтыққа көшуді мақсат еткен, іске асырылмаған экономикалық реформалар бағдарламасы.

Бағдарламаны іс жүзінде әзірлеу Горбачевтің тапсырмасынан кейін бірден басталды (1990 жылғы 27 шілде). Бағдарлама бойынша жұмыс 1990 жылғы 31 тамызда аяқталды. Ойланып көріңізші – КСРО экономикасын түбегейлі өзгертуге, толық қайта жабдықтауға, жаңа бағытқа көшіруге және елді басқарудың түбегейлі жаңа элементтеріне негізделген бағдарлама бар болғаны 1 ай ішінде әзірленді! Мұндай маңызды жобаны осындай қысқа мерзімде жан-жақты әрі сапалы етіп әзірлеу мүмкін емес. Сондықтан тек екі ғана логикалық қорытынды бар: бағдарлама аяқталмаған немесе ол алдын ала әзірленген.
1990 жылғы 11 қыркүйекте РКФСР Жоғарғы Кеңесі «500 күн» бағдарламасын бекітіп, оны КСРО Жоғарғы Кеңесінің бекітуіне қайта жібереді (айтпақшы, бағдарламаны іс жүзінде бірауыздан бекіткен, тек 1 адам қарсы дауыс берген).

1990 жылғы 11 қыркүйектегі № 1656-1 «Елдің халық шаруашылығын тұрақтандыру және нарықтық экономикаға көшу жөніндегі шұғыл шараларды қарау туралы» қаулысы бұл бағдарламаны аяқталмаған деп танып, оны жүзеге асыруға тыйым салады! Сондай-ақ, бағдарламаны тек жетілдірілгеннен кейін ғана жүзеге асыруға болатыны және оны бекіту 1 қазаннан ерте болмауы керек деп шешілді.
Іс жүзінде, «500 күн» бағдарламасын Горбачев бұғаттады, оған Партияда үлкен ықпалы бар консерваторлар қысым көрсетті. Олар бұл бағдарламаның елдің болашағына балта шабатынын және ешқандай даму бермейтінін түсінді.

1990 жылғы 9 қазанда РКФСР Жоғарғы Кеңесі азаматтарға «500 күн» бағдарламасы елді құтқарудың жалғыз жолы екенін және егер КСРО Жоғарғы Кеңесі бұл бағдарламаны қолдамаса, РКФСР оны өз бетінше жүзеге асыратынын мәлімдеді. 1990 жылғы 16 қазанда Ельцин РКФСР Жоғарғы Кеңесінде бағдарламалық сөз сөйлеп, Горбачевтің «500 күн» бағдарламасын жүзеге асырудағы екіұштылығын және өзара келісімдерді бұзғанын сынға алды, сонымен қатар бұдан былай Ресей бағдарламаны Одақсыз-ақ өзі жүргізетінін жариялады. Бұл мәлімдеме таза саяси сипатта болды, өйткені бағдарлама жалпыодақтық реформаларға арналған еді. Осы сөзден кейін Явлинский Ресей үкіметіндегі қызметінен кетті. Ресей одақтық басшылықтан экономикалық дербестікке қол жеткізу жөніндегі іс-әрекеттерін жеделдетті, ал «500 күн» бағдарламасы іс жүзінде жүзеге аспады. Дегенмен, көптеген адамдар бағдарламаның негізгі тармақтары (орталықсыздандыру, жерді сату, меншік иелерінің құқықтарын қорғау және бағаны реттеуден бас тарту) Қазақстанда, Ресейде және басқа да посткеңестік елдерде жүзеге асырылды деп санайды.

Дереккөздер:

Үлкен Ресей энциклопедиясы

Litresp.ru

Ведомости

Ресей тарихы

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу