Басты бетке қайту

Апорт


«Апорт» сортының алмалары 
Дереккөз: «Қазақстан тарихы» Интернет-жобасы
  

«Апорт» – алма сорты. Сапасы жағынан «апорт» алмасы басқа сорттардан айтарлықтай асып түседі және екі ғасырға жуық уақыт бойы өте жоғары бағаланады. Жақсы сақталуы және тасымалдауға төзімділігі сорттың артықшылықтарын бүкіл әлемге танытты.
Сорттың шығу тарихы туралы деректер біраз қарама-қайшы: кейбір әдебиеттерде ол ресейлік сорт делінсе, басқаларында шетелдік сорт екені айтылады.
Америка мен Батыс Еуропа елдерінде (Польшадан басқа) «апорт» ХІХ ғасырда пайда болды. Ол жеміс шаруашылығы жоғары дамыған елдерге, мысалы, Германия, Франция, Англияға кеңінен тарады. 1901 жылы Германия Помологиялық қоғамы оны өнеркәсіптік өсіру үшін ең үздік 20 сорттың қатарына ұсынды. Штутгарт пен Эрфурт аудандарында «апорттың» жақсы сапасы туралы әдеби деректер бар. 1900 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеде «апорт» Францияда ең көп таралған 12 сорттың және елде ең көп сатылатын 10 алма сортының қатарына кірді.
Қазақстанға «Апорт» 1865 жылы келді. Көшіп келген Егор Васильевич Редько Воронеж губерниясынан Верный қаласына (қазіргі Алматы) «Апорт» көшеттерін әкелді, ол көшеттер оның туған жерінде басқа сорттардан еш айырмашылығы жоқ болатын. Кішкентай ағаштар тез тамырланып, жақсы өсті, ал бірнеше жылдан кейін гүлдеді. Кейіннен ол оларды жергілікті дақылдармен қайта телуді бастап, көршілеріне және басқа бау-бақша әуесқойларына таратады. Көп ұзамай бұл сорт бүкіл Верный уезіне таралды.
«Апорт» жемістері базарларда пайда болған кезде, сорт бірінші сұрыпты жеміс ретінде мықты атаққа ие болды. Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, 1908 жылы Германиядағы Мангейм жемістер көрмесінде Верный бау-бақша училищесі ұсынған «апорт» алмалары тамаша бағаға ие болды.
«Апортты» көбейтуге үлкен көңіл бөлінді. Верный бау-бақша училищесінің, сондай-ақ жылына 100 000-нан астам көшет шығарған ірі жекеменшік Моисеев жеміс питомнигінің қызметінің нәтижесінде бұл сорт Қазақстанның бүкіл оңтүстік-шығысында, әсіресе Іле Алатауының таулы жерлерінде кеңінен таралды. 1965 жылы «Алматы апорты» Қазақстан аумағында пайдалану үшін селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізілді. 1970-ші жылдарға қарай Қазақстандағы «Апорт» ағаштарының саны төрт миллионға жуықтады. 2011–2012 жылдары бүкіл Алматы облысы бойынша зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде бірегей дәмдік қасиеттері бар «Апорт» формалары таңдап алынды. Ғылыми жұмыстар нәтижесінде гендік қорда 115 «апорт» формасы бекітілді. 2023 жылы «Алматы апорты» Қазақстанда ресми түрде бренд ретінде патенттелді. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, апортты коммерциялық мақсатта өсіру фермерлер үшін тиімсіз болуы мүмкін, өйткені бұл сорт көшетті отырғызғаннан кейін тек 10-12 жылда ғана жеміс бере бастайды, сондай-ақ өсу үшін арнайы жағдайлар мен аймақты қажет етеді. Аграрийлерді қолдау шаралары қазіргі қазақстандық БАҚ-та үнемі талқыланып отырады.

Дереккөздер:

 «Аграрлық сектор» ауыл шаруашылығы журналы

Tengrinews.kz

Zakon.kz

«Қазақстан тарихы» Интернет-жобасы  

 

AI ассистент

Тілді таңдаңыз / Выберите язык

«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу