«Блат» – жеке мүдде үшін қолданыстағы ережелерді айналып өтіп, бір нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін таныстық пен байланыстарды білдіретін ауызекі сөз. Кеңестік саудада қолда бар тауарлардың айтарлықтай бөлігін құрайтын тапшы тауарларды алу үшін «блат», яғни таныстық, сый-сияпат, пара беру, алыпсатарлар мен делдалдарға жүгіну сияқты тәсілдер қолданылған.
Бұл сөздің этимологиялық мағынасы бірнеше нұсқада түсіндіріледі. Бірінші нұсқа: Бұл нұсқа Петр I патшаның сақалды күштеп қырдыру туралы жарлығына байланысты. Сақалдарын қысқартпау үшін пара берген боярлар арнайы тізімге енгізілген. Бұл тізім голланд тілінде blatt– «қағаз парағы» деп аталған. Екінші нұсқа: Екатерина II патшайымның немістерді Ресейге қоныстандыру кезінде енгізген ұғымы деп түсіндіріледі. Оларға жер беріліп, дене жазасынан, каторгадан, әскердегі қызметтен босатылған. Барлық осы жеңілдіктер грамотада көрсетілген, ал Екатерина II өзі неміс болғандықтан, бұл грамота blatt (неміс тілінен – «парақ») деп аталған. Осындай құжаттары бар адамдарды «блатные» деп атай бастаған. Үшінші нұсқа: Сөз еврейлердің бір бөлігі сөйлейтін идиш тілінен шыққан. Онда blatt «білетін» немесе «жақын» деген мағынаны білдірген. Идиш тілінен ол поляк тіліне, онда «жасыру», «пара» деген мағынада қолданылған, ал поляк тілінен орыс ұрылар жаргонына «қылмыс», ал «по блату» тіркесі «заңсыз түрде» деген мағынада енген. Төртінші нұсқа: Сөздің шығу тегі немістің platt – «сенімді, достық» деген сөзінен. Сондай-ақ, «блат» сөзі бұрмаланған немістің blut сөзінен – «қан» деген нұсқасы да бар.
Кеңес заманында бұл сөздің белсенді қолданылуы сол кездері тауарларды сатып алудан гөрі «табу» жиі кездесетін, жаппай тапшылықтың қалыптасуымен түсіндіріледі.
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу