
Дүниежүзілік Банктің эмблемасы
Дереккөз: Дүниежүзілік банк тобының сайты
Дүниежүзілік банк — дамушы және кедей елдерге көмек көрсететін ең ірі халықаралық қаржы ұйымы. БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі ретінде Дүниежүзілік банк Халықаралық валюта қорымен тығыз байланыста жұмыс істейді (ДБ-қа мүше болу тек ХВҚ-ға кіргеннен кейін ғана мүмкін болады). Топқа әлемнің басым көпшілігін құрайтын 189 мемлекет біріккен. Оның бас кеңсесі Вашингтонда орналасқан, ал желісі әлем бойынша 140-тан астам бөлімшені қамтиды. ДБ-да 181 елден 13 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
Дүниежүзілік банктің негізгі мақсаты — кедейлікті жою және барлық елдерде жақсы жағдайға қол жеткізу. Банк БҰҰ-ның 2030 жылға дейін есептелген Тұрақты даму мақсаттарына бағытталады. Дүниежүзілік банк тобының жылдық есебіне сәйкес, 2023 жылы серіктес елдерге бөлінген және ұсынылған қаржыландыру шамамен $ 220 000 млн-ды құраған.
Дүниежүзілік банк дамушы елдерге қажетті аналитикалық және консультациялық қызметтер де көрсетеді: елдердің жүргізіп жатқан саясатына талдау жасау және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында тиісті ұсыныстар әзірлеу. Банк қоршаған орта, кедейлік, сауда және жаһандану, сондай-ақ елдік және салалық зерттеулер сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Дүниежүзілік банк 1944 жылдың шілдесінде АҚШ-тың Нью-Гэмпшир қаласында өткен Бреттон-Вудс конференциясында ХВҚ-мен бір мезгілде құрылды. Бастапқыда Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) деп аталды. Оның мақсаты соғыстан қираған Еуропаны қалпына келтіру болды. Нақты жұмысын 1946 жылдың 25 маусымында бастады.
Дүниежүзілік банктің ірі зерттеулері
• «Жаһандық экономикалық перспективалар» (Global Economic Prospects) және «Шикізат нарықтарының перспективалары» (Commodity Markets Outlook) ай сайынғы болжамдары — елдік және әлемдік экономиканың даму болжамдары.
• Табыс деңгейі бойынша елдерді жіктеу — алдыңғы күнтізбелік жылдағы жан басына шаққандағы ЖҰТ (жалпы ұлттық табыс) көрсеткіші негізінде жыл сайын жаңартылып отыратын елдер рейтингісі.
• «Әлемдік даму туралы баяндама» — 1978 жылдан бастап Дүниежүзілік банк жариялайтын жыл сайынғы есеп. Әрбір баяндама экономикалық дамудың белгілі бір аспектісіне терең талдау жасайды.
• «Кедейлік және жалпы өркендеу» жылдық баяндамасы — әлемдегі кедейлік деңгейі туралы деректер, мүліктік және әлеуметтік теңсіздікке талдау, кедейлік мәселесін жою бойынша болжамдар мен ұсыныстар.
• Бизнеске дайындық (B-READY) — әлем елдеріндегі кәсіпорындарға арналған нормативтік-құқықтық базаға және мемлекеттік қызметтерге баға беру.
• Кәсіпкерліктегі әйелдер туралы жыл сайынғы зерттеу «Women, Business and the Law» — 190 елдегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктеріне қолайлы жағдайлар жасауды өлшеу.
• Кәсіпкерлік бойынша зерттеу — бизнесті жүргізу, қаржыландыруға қол жеткізу, сыбайлас жемқорлық, инфрақұрылым және т.б. бойынша кең ауқымды мәселелер туралы әр елдегі жеке компаниялардың репрезентативті іріктемесіне сауалнама жүргізу. 150-ден астам елде өткізіледі.
• Бейресми сектордағы кәсіпорындарды зерттеу — тіркелмеген кәсіпорындардың сипаттамалары мен қызметін өлшеу.
Қазақстанда Дүниежүзілік банк 2021 жылдан бастап халықтың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатына ай сайынғы «Қазақстанды тыңдау» мониторингін жүргізеді, сондай-ақ Қазақстандағы соңғы экономикалық оқиғаларға, перспективаларға және саясат мәселелеріне талдау жасайтын «Қазақстан экономикасына шолу» жартыжылдық есептерін жариялайды.
Қазақстанның экономикалық шолуы - 2023-2024 жж. қысы
Дереккөз: Қазақстандағы Дүниежүзілік банк
Дереккөздер:
Қазақстандағы Дүниежүзілік банк тобы
РБК. Дүниежүзілік банк дегеніміз не және оның міндеттері қандай?
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу