
Барак Обама, 2012 жыл
Дереккөз: Britannica
Барак Обама (толық есімі - Барак Хуссейн Обама; Barack Hussein Obama II) 1961 жылы 4 тамызда АҚШ-тың Гавайи штатының астанасы Гонолулуда дүниеге келген. Оның әкесі қара нәсілді кениялық, анасы аққұба американдық болған. «Панахоу» беделді жеке меншік мектебін, содан кейін Колумбия университетін және Гарвард университетінің заң мектебін бітірген.
Чикагода адвокат болып жұмыс істеді, Чикаго университетінің заң факультетінде дәріс берді.
1996 жылы Демократиялық партиядан Иллинойс штатының Сенатына сайланды.
2004 жылы Иллинойс штатының АҚШ Сенатына сайлауда 70% дауыспен жеңіске жетті және АҚШ тарихындағы бесінші қара нәсілді сенатор болды.
2007 жылдың 10 қаңтарында демократиялық сенатор Барак Обама АҚШ президенті үшін күрестің басталғанын ресми түрде жариялады. 2008 жылдың 4 қарашасында АҚШ президентінің сайлауында жеңіске жетті: 538 сайлаушының 270 қажетті дауыстың орнына 338- дауысқа қолдау тапты.
2009 жылдың 20 қаңтарында АҚШ Президентінің антын қабылдады және Америка мемлекетінің алғашқы қара нәсілді басшысы атанды.
2012 жылдың 6 қарашасында Президент болып қайта сайланды, қажетті 270 дауыспен 332 сайлаушының қолдауына ие болды.
Ядролық қарусыз әлем құру бойынша халықаралық дипломатияны нығайтудағы «ерекше күш-жігер» үшін 2009 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.
Forbes журналында —әлемдегі ең ықпалды адамдар рейтингін үш рет (2009, 2011 және 2012 жылдары) жеңіп алды. Time журналы бойынша екі рет (2008 және 2012 жылдары) «Жыл адамы» деген атаққа ие болды.
Үш кітаптың авторы. 1995 жылы ол «Әкемнің армандары» мемуарын, 2006 жылы «Үміттің батылдығы» кітабын шығарды. Екі кітап та бестселлерге айналды. 2010 жылдың қараша айында Обама Мемлекет басшысы болғанға дейін жазған «Мен сен туралы ән айтамын: қыздарыма хат» (Of Thee I Sing: A Letter to My Daughters) атты 31 беттік балаларға арналған кітабы жарық көрді.
Н.Назарбаев пен Б. Обаманың кездесулері:
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Барак Обамамен бірінші рет 2010 жылдың сәуір айында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық Саммит аясында кездесті. Қазақстан мен АҚШ-тың көпжоспарлы өзара іс-қимылын кеңейту және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының орынбасарларының басшылығымен жұмыс комиссиясын құру мәселелері талқыланды.

Н.Назарбаев пен Б. Обаманың ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттегі кездесуі, 2010 жыл
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметтік шежіресі
Одан әрі кездесулер түрлі форумдар аясында өтті: Сеулдегі ядролық қауіпсіздік жөніндегі II саммит (2012 жыл), ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит (2014 жыл), БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы (2015 жыл), G-20 саммиті (2016 жыл).
Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаев туралы:
«Президент Назарбаев ядролық қауіпсіздік мәселелерін таратпауда да әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан елі ядролық қарудан бас тартып, үлкен қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізе алатынының тамаша үлгісі болып табылады. Ядролық қарудан бас тарта отырып, қазақстандықтар өңірдің барлық мемлекеттерінен қауіпсіздік кепілдігін алды және бұл Қазақстанды өңірдегі ең тұрақты елдердің біріне айналдыруға көмектесті.
Ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан оқшаулануы мүмкін елден Халықаралық экономика үшін ашық және шетелдік капиталды тартатын елге айналды».
Дереккөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу