
Алексей Николаевич Косыгин 1904 жылы 21 ақпанда Санкт-Петербургте (Ресей империясы) дүниеге келген.
1924 жылы Ленинград кооператив техникумын, 1935 жылы С. М. Киров атындағы Ленинград тоқыма институтын бітірді.
Өз еркімен Қызыл армияға барды, Сібірде, кейінірек – Ленинградта (қазіргі – Санкт-Петербург) түрлі тұтынушылар кооперациясы ұйымдарында және кәсіпорындарында жұмыс істеді.
1938 жылдан – партиялық және кеңестік органдарында басшылық жұмыста болды. Үкімет басшысының орынбасары, Қаржы министрі, жеңіл өнеркәсіп министрі, кеңінен тұтынылатын өнеркәсіп тауарлары министрі, Мемлекеттік Жоспардың басшысы қызметтерін атқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде Өнеркәсіптік кәсіпорындарды эвакуациялауды басқарды, қоршаудағы Ленинградты жабдықтаумен және эвакуациялаумен айналысты, әскери өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын қадағалады.
1964 жылы қазан айында ол бұрын өзі қолдаған Никита Хрущевті жоғары партиялық және мемлекеттік лауазымдардан шығаруды жақтап шықты. Негізгі себептердің бірі Алексей Косыгиннің Никита Хрущев бастаған мемлекеттік басқару реформасына (салалық одақтық министрліктерді жою, олардың орнына аумақтық совнархоздар құру) теріс көзқарасы болды.
1964 жылдың қазанынан 1980 жылдың қазанына дейін (16 жыл, КСРО мен Ресей тарихындағы ең ұзақ мерзім) - үкіметті басқарды. Жоспарлы экономиканың жақтаушысы бола отырып, нарықтың жекелеген элементтерін енгізу арқылы оны тиімдірек етуге тырысты. 1965 жылы басталған және «косыгинская» деп аталатын Экономикалық реформа барысында кәсіпорындардың дербестігі кеңейтілді, міндетті жоспарлы көрсеткіштер саны қысқарды, экономикалық тиімділік көрсеткіштеріне басымдық берілді. Бастапқы кезеңде реформа негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуіне әкелді, алайда жоспарлы кеңестік экономикаға нарықтық тетіктерді енгізу мүмкіндіктері тез таусылып, партия басшылығы Косыгин реформасын қолданбай қойды.
1980 жылдың қазан айында Алексей Косыгин денсаулығының нашарлауына байланысты барлық партиялық және мемлекеттік қызметтерден босатылды.
1980 жылы 18 желтоқсанда ол Мәскеуде 76 жасында қайтыс болды. Оның күлі Қызыл алаңдағы Кремль қабырғасына көмілді.
Алексей Косыгин - екі рет Социалистік Еңбек Ері (1964, 1974), алты Ленин орденімен, басқа да кеңестік және шетелдік наградалармен марапатталған.
Дереккөздер:
ТАСС
Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіп технологиялары және дизайн университеті
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу