
Дмитрий Анатольевич Медведев 1965 жылы Ленинградта дүниеге келген (қазіргі Санкт-Петербург, Ресей). Оның әкесі Ленинград Ленсовет атындағы технологиялық институтының профессоры болған. (қазіргі Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институты), ал анасы - филолог.
1987 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің (қазіргі Санкт-Петербург мемлекеттік университеті) заң факультетін, ал 1990 жылы сол оқу орнының аспирантурасын бітірді. Диссертация қорғағаннан кейін заң ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.
2003-2005 жылдары Ресей президенті әкімшілігінің басшысы, ал 2005-2008 жылдары үкімет төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл лауазымда ол монополияға қарсы заңнама, қоршаған ортаны қорғау, бұқаралық коммуникацияларды дамыту, ұлттық жобаларды іске асыру және басқа да салалардағы мемлекеттік саясат мәселелеріне жетекшілік етті. Ресей Федерациясының Қауіпсіздік Кеңесінің және «Газпром» жаһандық энергетикалық компаниясы директорлар кеңесінің құрамына кірді.
2008 жылдың наурызында Ресей президенті болып сайланды және 1917 жылдан бері ең жас мемлекет басшысы атанды — сайланған кезде Дмитрий Медведев 42 жаста болды. Жаңа лауазымдағы алғашқы шетелдік сапарын Қазақстан Республикасына жасап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Сонымен қатар, Астананың 10 жылдығына арналған салтанатты шараларға және Ақтөбеде өткен V Қазақстан-Ресей халықаралық форумының жұмысына қатысты.

2010 жылы Қырғызстандағы мемлекеттік төңкеріс кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз көшбасшысы Құрманбек Бакиев пен оның отбасын Қазақстанға көшіру туралы бастамасын қолдап, бұл шараны Ресей Қорғаныс министрлігіне қамтамасыз етуді тапсырды.
2012 жылы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін Ресей Федерациясының премьер-министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті Ресейдің қазіргі тарихындағы үкімет басшыларының ішінде ең ұзақ атқарған адам— жеті жыл сегіз ай. 2020 жылдың қаңтарында кезекті президенттік сайлаудан кейін отставкаға кетіп, Ресей Федерациясының Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қауіпсіздік кеңесіне ауысқаннан кейін Медведев премьер-министр кезіндегідей медиа тұлға болмады. Бірақ Ресейдің Украинадағы әскери операциясы басталғаннан кейін жағдай өзгерді. Медведев Ресей басшылығының ең белсенді спикерлерінің біріне айналды, ол мәлімдемелерінің басым бөлігін өзінің Telegram арнасы арқылы жариялайды.
Ресейдің I дәрежелі «Отан алдындағы еңбегі үшін» (2015), Венесуэланың «Бостандық беруші» (2008), Арменияның «Даңқ» (2011), Қырғызстанның «Данакер» (2016) ордендерімен және басқа да марапаттармен марапатталған. Сондай-ақ, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің, Өзбекстан СІМ жанындағы Әлемдік экономика және дипломатия университетінің, «Корё» университетінің (Сеул, Оңтүстік Корея), Гавана университетінің (Куба) және басқа да жоғары оқу орындарының құрметті докторы.
Дерекөздер:
«Менің өмірім. Тәуелсіздікке» кітабы бойынша іздеу